Ауылда ауызсу тапшы
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Үшарал ауылының 300-ге жуық тұрғыны ауызсудан таршылық көріп отыр. Орталық су жүйесін тарту жұмыстары осыдан 14 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған.
Жұрт ауыл сыртындағы құдықтан су тасып ішеді. Арбасын сүйреткен тұрғындар қыста қар, ал көктемде лай кешіп әзер жетеді екен. Айтуларынша, олар бұл бейнеттен әбден қажыған. Ең сорақысы – 80 отбасы қарап отырған жалғыз құдық электр қуатымен жұмыс істейді. Ал ауылда тоқ күнара өшеді. Электр желілері әбден тозған.
– Әсіресе қыста қиын. Боран соқса, тоқ сөніп қалады. Сымдары үзіліп, оны жалғағанша 3-4 күн өтеді. Осы кезде ауызсусыз отыруға тура келеді. Көрші ауылдан тасып амалдаймыз әйтеуір. Кейде жолды қар басып, қатынас болмай қалып жатады. Сол уақытта тәулік бойы сусыз отырамыз, – дейді ауыл тұрғыны Жақия Қанафина.
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, 2008 жылы мектеп салынған кезде, мұнда қосымша су тарту жұмыстары да басталған. Тіпті мұнарасы да орнатылыпты. Алайда суы тұзды болып, жоба тоқтап қалады. Енді биыл аяқсыз қалған жұмыс қайта қолға алынды. Құдық басқа жерден қазылады. Қазір қаржының алғашқы бөлігі де түскен.
– Жалпы жоба құны 350 миллион теңге болса, соның 150 миллион теңгесі биыл бөлініп отыр. Қазір тендер жарияланды. Енді жеңімпаз анықталған соң, су тарту жұмыстары басталады деп үміттеніп отырмыз. Жоба келесі жылы аяқталады, – дейді Үшарал ауылының әкімі Марат Төлепбеков.
Соған қарағанда, Үшарал ауылының тұрғындарына ауызсуды әлі бір жыл күтуге тура келеді. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі күні Ақтоғай ауданындағы 32 елді мекеннің 17-сінде су жоқ. Келешекте оларды да тіршілік нәрімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен шешілетінін айтып сендірді.
Асыл АЙБЕК,
«QH»