Ауыл тұрғындары асарлатып үй салып жатыр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қаракөл ауылының тұрғындары асарлатып 6 пәтерлі үй салып жатыр. Құрылысқа жасы да, жасамысы да бір кісідей атсалысуда. Ондағы мақсаттары – көшіп келуге ниетті жас мамандарды баспанамен қамту.

Егер мұғалімдер келіп, балалар көбейіп жатса, осыдан бірнеше жыл бұрын жабылып қалған мектеп қайта ашыла ма деген үміттері де жоқ емес. Себебі қазір ауылдың барлық баласы жан-жақта оқып жатыр. Тең жартысы қалада, қалғаны көршілес елді мекендерде. 15 шақырым қашықтықтағы Егіндібұлақ селосына күнделікті алып барып, алып қайтып жүрген ата-аналар бар екен. Бұл – азын-аулақ малға қарап отырған жұртқа айтарлықтай салмақ.

Ауылдағы жалғыз мектеп осыдан 5 жыл бұрын жабылып қалған. Бірақ ғимараты сол күйі сақталып тұр. Коммуналдық меншікке өткен. Тұрғындардың ендігі тілегі – сол мектепті қайта ашу. Соңғы жылдары ауылда халық саны көбейіп келеді екен. Қазіргі күні 170 адам тұрады.

– Мектепті қайтадан ашу үшін әр сыныпта кем дегенде 5 баладан болу керек. «Педагог-сарапшы» біліктілігі бар екі мұғалім қажет. Қазір Аудандық білім бөлімімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жас мамандарды қаладан іздестірудеміз. Өйткені ауылда еңбек ететін мұғалімдердің жалақысы 25 процентке жоғары болады. Ең құрығында бастауыш мектеп аша алсақ – үлкен жетістік, – дейді Қаракөл ауылының әкімі Нұржан Смағұлов.

Ауыл тұрғындары үй құрылысын келесі жылы аяқтаймыз деп отыр. Егер көшіп келуге ниет білдірген жас мамандар болса, отын-суына көмектесіп, азын-аулақ мал беруден де тартынып отырған жоқ. Айрандай ұйыған ауыл жұрты бұған дейін өз күштерімен мешіт те салған екен.

Асыл АЙБЕК,

«QH»