Ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың 89% — отандық өнім

Ауыл шаруашылығымен айналысып жүргендер ауыл шаруашылғы техникасы утилизациялық алым негізінде қымбаттап барады деген мәселені бірнеше рет көтерді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Статистикаға сәйкес, былтыр елімізде сатылған трактор, комбайндардың 89% отандық өндірушілердің өнімі. Яғни, ауыл шаруашылығы саласында техника сатып алған бұл кәсіпкерлер утилизациялық алым төлеген жоқ.

«Егер импорттық машиналар өндірісі елімізде жолға қойылса, онда утилизациялық алым алынбайды. Мысалы, ауыл шаруашылығында жүргендердің арасында Беларусь елінің тракторы — МТЗ үлкен сұранысқа ие. Бұл кәсіпорын осында өз зауытын ашты. Тіпті, қазір локализацияны ұлғайтып, кабинасын да осында өндіріп, Беларусь еліне шығаратын болды, өйткені, онда кабина өндірілмейді. Сонымен қатар, Ловол, Кировец, Юто тракторлары да бар. Яғни, халық арасында сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының барлығы өзімізде өндіріледі және оларды сатып алған жағдайда ешқашан утильалым төленбейді. Комбайнға келсек, ауыл шаруашылығында жүргендер арасында Россельмаш, Гомсельмаш техникалары сұранысқа ие. Оның ішінде жоғары санаттағы Токана комбайны да бар. Олардың барлығы өзімізде өндіріледі. Демек, ауыл шаруашылығы саласында техника сатып алғандардың 89% утилизациялық алым төлеген жоқ, қалған 11% төледі», — деді Қарабаев.

Сонымен қатар вице-министр жоғары санаттағы техника алғандар ескі техниканы тапсырып, 2 млн теңгеге дейін ваучер ала алатынын еске салып өтті. Ваучер отандық техниканы жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал ваучер импорттан түскен қаражаттан қалыптасады.