Ауыл олимпиадасы
Қарағанды облысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру орталығы ұйымдастырып отырған шараға 9-11 сыныптың 622 оқушысы қатысты. Жеңімпаздар желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Оқушылардың әрқайсысы өз білімдерін сынға салып, үздік нәтижелерге қол жеткізуге барын салды. Олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 13 пәнді қамтыды. Олимпиаданың негізгі мақсаты – ауылдық аймақтардағы дарынды оқушылардың теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын дамыту және олардың өз мүмкіндіктерін толықтай ашуына жағдай жасау. Бұл – олимпиада ауылдық мектеп оқушыларының мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарға дайындауға арналған маңызды алаң.
– Бұл олимпиадаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Мен үшін өз білімімді көрсетуге және жаңа биіктерге ұмтылуға тамаша мүмкіндік. Біз өз білімімізді тексеріп, республикалық кезеңге жолдама алу үшін барымызды салдық, – дейді олимпиадаға қатысушы, Ақадыр кентінің тұрғыны Нұрлыбек Нығыбай.
Олимпиада нәтижесі бойынша барлық қатысушыға сертификаттар табысталды. Жеңімпаздар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» орталығы ұйымдастыратын оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Бұл жиындарда дарынды балалар өз білімдерін әрі қарай жетілдіріп, халықаралық деңгейде білім бәсекесіне түсуге дайындық жасайды.
– Бүгін біз де балалардың білімге деген ынтасы мен күш-жігерін көріп, оларға республикалық деңгейде жарысуға үлкен мүмкіндік бергенімізге қуаныштымыз. Осы олимпиада ауылдан шыққан дарынды оқушыларға жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Әсем Көшкінбаева.
Қарағанды облысындағы бұл олимпиада ауыл мектептерінің дарынды оқушыларына білім көкжиегін кеңейтіп, олардың жаңа жетістіктерге жетуіне қолдау көрсетуде. Ұйымдастырушылар ауылдан шыққан оқушылардың республикалық және халықаралық деңгейде биік белестерге жете беруін тілейді. Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Өткен жылы Осакаров және Қарқаралы аудандарынан қатысқан мектеп оқушылары бірінші орын алып, үздік нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, Төлеген Айдана есімді жеңімпаз Шәкәрім университетінің грантына ие болды, бұл шараның ауылдық оқушылар үшін үлкен мүмкіндіктер беретінін тағы бір дәлелдейді. Биыл Ақтоғай және Шет ауданының оқушылары мықтылар қатарында.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»