АУЛА КӨРКІ – ШАҺАРДЫҢ АЖАРЫ

Қарағанды қаласы, Құрылысшылар көшесі, 13 үйдің ауласы өзге үйлерден сыртқы келбетімен айрықша. Бұл жерді тұрғындар өздері жөндеп, абаттандырған. Тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кірісіп, «Таза Қазақстан» акциясына да белсене атсалысуда.  

 

Мұнда тұрғындар барлығын өздері жаңартып, үш жылдан бері жапырағы жайқалған, түрлі-түсті гүлдері бар аулада өмір сүріп келеді. Тіпті аулада көкөніс те егілген. Қиялдан туған дүниелерді де орнатып қойған. Көшеде өтіп бара жатқан адамдар тұрғындардың еңбегіне тәнті болып, тамсана қарайды. Жангелді Сұлтанбеков бұл үйге 2018 жылы көшіп келген. Әсемдікті жаны сүйетін ол ауладағы ағаштар мен гүлдерді өзі суарып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Алғашында аула сұрықсыз, подъезд қараңғы әрі лас болғанын айтады. Тұрғындармен бірлесіп абаттандыруға кіріскен. Тазалық – мәдениеттің өлшемі деп білетін Жангелді, әлі де жөндеу жұмыстарын жүргіземін деп отыр

– Біз әр көршімен ақылдасамыз. Өткен жылы подьездің кіреберісін бояп, гүлзар салдық, ауланы абаттандырық. Ағаштарды қопсытып, түбін әктедік. Жеделсатыны орнаттық. Көршілер өте ұйымшыл. Қабырғалардың құлаған жерін цемент қосылған құммен сыладық, – дейді тұрғын.

Үйде жақында ғана 27 жылдан кейін лифт орнатылған. Қауіпсіздік үшін подъезге бейнебақылау камералары да қойылыпты. Тұрғындар бірлесіп арнайы баннер, картиналар, керекті құрылыс жабдықтарын алған. Барлығы тұрғындардың өз ақшасына сатып алынған көрінеді.

– Келген адамдар көбінесе қатты  қызығушылық танытады. Олар біздің подьезд бен ауламызда жиі суретке түседі. Алдымен өзіміз ақша жинап, не алу керектігін кеңесіп шешеміз. Мен өзім ағаштар мен гүлдерді тегін суарамын. Таза аула адам жанына шуақ сыйлайды, – дейді Жангелді Сұлтанбеков.

Бұл жерде тек абаттындыруға ғана емес, тазалық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жақында ғана арнайы қоқыс контейнерлер орнатылған. Сонымен қатар, бейнебақылау камерасы қойылып, күзетшілер жұмысқа алынған. Тұрғындар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысуда. Тазалық бірінші өзімізден басталады, – дейді олар. Тұрғындар мұнымен тоқтар емес. Жақында ғана аулаға асфальт төселді. Енді жертөлені ретке келтіріп, жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр.

ЖАНБОТА БЕЙСЕМБАЙ, «QH»