Қауіпсіздік шарасы күшейтіледі

Парламент Сенатында өткен брифингте Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы сұраққа жауап берді. Үкімет басшысы өнеркәсіптік нысандарда орын алып жатқан қайғылы оқиғалар мен төтенше жағдайларға Үкімет тиісті назар аударып отырғанын айтты.

– «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты айтатын болсақ, оның иелері тарапынан жасалған барлық іс-әрекетке немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі, – деді ол.

Премьер-министр Үкімет осы бағытта қосымша бірқатар шара қабылдайтынын атап өтті.

– Қазір осы саланы реттеуді жетілдіру бойынша заңнамаға қосымша нормалар дайындалып жатыр. Атап айтқанда, осындай өнеркәсіптік өндірістердің меншік иелері мен басшыларының жауапкершілігі арттырылады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылау шаралары күшейтіледі, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, мұндай компаниялардың жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруды жылдық жиынтық табыстың кемінде 1%-ы деңгейінде қаржыландыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды.

– Бұдан басқа жаңа технологияларды ескере отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын барлық талап қайта қаралады. Осы және басқа да қосымша нормалар пысықталып жатыр, – деді Премьер-министр.

Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, Қылмыстық және Кәсіпкерлік кодекске, сондай-ақ «Азаматтық қорғау туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Әлихан Смайылов республикада заңнамаға сәйкес жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленетінін айтты.

– Биыл 2,5 мың техникалық құрылғыны ауыстыру және 100-ден астам технологиялық желіні жаңарту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар да күшейтіледі, – деп түйіндеді ол.