Қауіпсіздік шаралары

Өрт туындағанда қалайша әрекет ету керек? Төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме шараларын өткізді. Күнгей шағын ауданындағы №26 мектеп оқушыларының қатысуымен дәріс өтті.

Шәйнек сымы тұйықталып өртенсе, тоқ қуатында тұрған телефон жарылып немесе баллондағы газ атылып кетсе абдырап қалмау керек. №26 мектепте оқушыларға өрт қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, оқушыларға тілсіз жаудың туындауына себеп болған оқиғаларды айтып, алаудың алапатын көрсетті. Қауіпсіздік ережесін ұстанбаса, өрт орны толмас өкінішке душар етеді. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары биылғы жылыту маусымында, өкінішке қарай, өрттен материалдық шығын ғана емес, адам шығыны да болғанын айтты.

– Біздің көрмелерге барша мектеп қатысуда, науқан өз жалғасын табатын болады. Жылыту маусымынан бастап, бүгінгі күнге дейін қауіпсіздік ережесі туралы сабақтарды өткізіп жатырмыз, – дейді Қарағанды ​​қалалық ТЖБ басшысының орынбасары Ернұр Нұрсафин.

Мектептің мәжіліс залында балаларға өрт жағдайы, себеп-салдары туралы көрсетілім ұсынып, балаларға қауіпсіздік ережелері туралы егжей-тегжейлі нұсқаулықтарын айтып, өрт кезінде не істеу керектігін және алғашқы медициналық көмек көрсету әдіс тәсілін түсіндірді.

– Сабақ ретінде ұйымдастырылған шарадан аларымыз көп. Оқушыларға барлық қауіпсіздік шарасы жеткізілді, деп ойлаймын. Қауіпсіздік шараларын ұстану әр оқушының өз қолында, – дейді №26 мектептің алғашқы әскери және технология пәнінің оқытушысы Марғұлан Асамиданов.

Тілсіз жаудың қиындығын сезінбес үшін әр адам «сақтансаң сақтайды» қағидатын ұстанып, қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлу керек. Осы қарапайым сақтық шараларын ұғындырар ақпараттық шаралар облыс аумағында ұдайы жүргізіледі. ТЖБ мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертуде. Яғни, үйден шыққанда құрылғыларды қосулы қалдырмау, телефондарды түнде тоқ көзімен қуаттағанда абай болу және жанғыш материалдарды ашық оттың жанында сақтамау аса маңызды жайлар екенін әр тұрғын есте ұстағаны жөн.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                   

«QH»