Ауғанстан – жазылмас жүрек жарасы

Осындай атаумен Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 34 жыл толуы қарсаңында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ерлік сабағы өтті. Музей қызметкерлері «Қызыл із» атты заманауи ауғандық жауынгерлердің портреттер фотокөрмесін жасады. Әр фотосуретте екі уақыт: өтіп кеткен 80 жылдар және олардың аясындағы қазіргі уақыт. Екі уақыт – бір тағдыр.

Шараға құрметті қонақтар ретінде ауғандық жауынгерлер Қайрат Тынымбаев, Айтпай Жұматаев және Сергей Сахнов шақырылды. Батырлар Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің оқушыларына қалай соғысқаны, дұшпандардан стратегиялық мақсаттағы объектілерді қалай қорғағаны туралы, патрульдау және тәулік бойы кезекшілік жүргізгені туралы айтып берді.

Ауғандық жауынгерлер балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, шет тілдерін үйренуге және Отанымыз – Қазақстанды қорғауға шақырды. Батырлар өздері туралы айтып берді.

Айтпай Мұхтарұлы Ауғанстанда 1981 жылдан 1983 жылға дейін Газни провинциясында қызмет еткен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған, «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған.

Қайрат Иранұлы Тынымбаев та халықаралық борышын лайықты орындаған, ол да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1986 жылдың ақпанынан 1987 жылдың қарашасына дейін Ауғанстанда қызмет етіп, Кабул – Баграм жолының қауіпсіздігін сақтаған.

1981 жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылған Сергей Александровичтің кеудесінде көптеген орден мен медаль бар, оның міндеті жауынгерлік күзет және колоннаға ілесіп жүру болған.

Біздің аймақта қаза болған сарбаздардың аналарына көмек көрсететін және қала мен облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысатын интернационалист-жауынгерлердің мықты қоғамдық бірлестігі бар. Ауғандық жауынгерлер жыл сайын 15 ақпанда қаза тапқан қаруластарына арналып 1990 жылы Жеңіс саябағында орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қояды.

Музей қызметкерлері осы сәулет ансамблінің фотосуретін көрсетті. 1987 жылы интернационалист-жауынгерлер және Қарағанды комсомолының қалалық комитеті Ауғанстанда қаза тапқандар рухына арнап монумент тұрғызу бастамасын көтерді. Ансамбльдің композициялық орталығы – қаза болғандардың есімдері жазылған подиум және оның үстінде соғыста жоғалған жастық шақты бейнелейтін 8 метрлік жігіт бейнелі қола композиция. Композиция авторлары: мүсінші Н.Новопольцев және сәулетші Ж.Алтаев.

«Кеңес жауынгерлері мен дұшпандарда қандай қару болды? Алғашқы шайқас естеріңізде ме?» деген сұрақтар қойған оқушылар ардагерлерді мұқият тыңдады. Балалар құрметті қонақтарға тағы да көптеген сұрақ қойды.

Құрметті қонақтар «Қызыл із» фотокөрмесінің материалдарына сүйене отырып интернационалист-жауынгерлер туралы әңгімеледі. Фотосуреттердегі батырлар келбетінен ерекше энергия сезуге болады. Авторлардың шығармашылық идеясы – куәгері мен қатысушысы бір адам болатын өткен уақыт пен қазіргі уақыт арасындағы мүмкін үйлесімдікті іздеу, екі уақыт пен идеологияны салыстыру. «Қызыл із» атауының да өзіндік философиялық мәні бар. Бұл – автордың жеке шығармашылық үлесі және оның еркін көзқарасы, өзінің көркемдік ізін қалдыруға деген ұмтылысы, яғни өткен мен болашақ арасындағы шекараны көрсетеді.

Экспозицияда – сарбаз В.И.Грязновтың қаза болғаны туралы құжаттар көшірмесі, сол кездегі тұрмыстық заттары, фотоматериалдар және мүсінші А.П.Билык жасаған қаза болған жауынгер-интернационалист Ю.Фроловтың мүсіні.

Көрменің түпкі мақсаты – интернационалист-жауынгерлердің ерлігі, олардың адал атқарған әскери борышы, антқа адалдығы және шынайы сарбаздар бауырластығы туралы айту.

Кездесу соңында музей қызметкерлері мен оқушылар интернационалист-жауынгерлермен фотосуретке түсті. Бұл кездесудің оқушылар есінде көпке дейін қалары сөзсіз. Бүкіл әлемге өз Отанына риясыз қызмет етудің асқақ үлгісін көрсеткен ұрпақ есімізде мәңгі қалады.

Қайрат БЛЯЛОВ,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің

ғылыми қызметкері