Ғасыр індетіне тосқауыл бар ма?

Жер шарында 35 млн науқасқа СПИД диагнозы қойылған. Ал біздің облыста жалпы саны 7 250 адам осы ауыр дертке шалдықса, қазіргі таңға дейін оның 3 300-ден астамы ажал құшқан. ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында 3 600 адам бақылауға алынып, ем қабылдауда. Ғасыр дерті атанған СПИД індетімен сырқаттанғандар саны жағынан Қарағанды облысы елімізде екінші орында тұр.

Қарағанды облысында АИТВ инфекциясы бойынша эпидахуал тұрақты жағдайда. ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың жасы 15-49 аралығында. Ал жұқтыру жолдарына келер болсақ, бірінші кезекте, жыныс жолдары арқылы жұқса, екінші кезекте, парентералды жұқтыру тәуекелі басым. Бұл жерде медициналық құралдар арқылы жұғу қаупі жоғары.

ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында диагноз қатаң тексеріс нәтижесі арқылы ғана қойылады. Барынша дәлелмен анықтайтын заманауи құрылғы, аппараттар бар. Сондай-ақ науқас ағзасындағы дерт ағымын баяулатып, өмір сүру сапасын едәуір жақсартатын препараттар да бар. Бұрындары науқас тәулігіне 5-6 таблетка қабылдаса, бүгінде ауру қарқынын қадағалауға қауқарлы бір таблеткалы дәрілер шығарылған. Өте қуатты осындай антивирустық препараттың күші арқылы науқастың психикалық және физикалық денсаулығы жақсарады. Осы емді алып жүрген науқастардың туберкулез жұқтыру тәуекелі 70 пайызға төмендейді. Сондай-ақ оны тұрақты қабылдап жүрген науқастың вирусты екінші бір адамға жұқтыру ықтималдығы да азаяды. Сол себепті науқастардың үнемі бақылауда болуы және дәріні дер шағында қабылдауы аса маңызды.

Дегенмен пациенттің биоматериалымен жұмыс істейтін медицина қызметкері үшін вирус жұқтыру кәсіби қауіпке айналып отыр. Вирус көбінесе ағзаға науқастан алынатын сұйықтықтың (қан, сарысу, ликвор, сперматозоид т.б.) тері мен шырышты қабыққа тиюі арқылы енеді. Медицина қызметкері медициналық манипуляциялар сәтінде жарақат алған кезде жұқтырып алуы мүмкін.

Салыстырмалы түрде қарасақ, АИТВ-ға қарағанда В және С гепатитінің вирусы жиі кездеседі. Себебі бұл вирустар сыртқы ортада төзімдірек келеді. Қауіпсіздік ережелері бұзылған немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде, ауруханалар мен емханаларда вакцина алмаған қызметкерлердің дерт жұқтыру қаупі жоғары.

Мұндай қауіп көбінесе қанмен және оның компоненттерімен байланыста болатын қызметкерлерде (гематология, реанимация, стоматология, гинекология, хирургия, гемодиализ бөлімшелері, процедуралық кабинет қызметкерлері және зертханашылар), сондай-ақ препарат өндірісінде жұмыс істейтін мамандарда басым. ЖИТС, гепатит, цитомегаловирустың алдын алу ережелері емдеу ұйымдарының барлығында да қатаң сақталады. Тері мен шырышты қабаттарға науқас қанын немесе биоматериалын тигізбеу – осындай сақтық шарттарының бірі. Кәсіби қызмет барысында емі жоқ кесел жұқтырып алу қаупі басым болғандықтан, жоғарыда аталғандай, дәрігерлер үшін қатер басым.

ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы дәрігерлері үшін ең басты қатаң талаптың келесі бірі – құпиялықты сақтау. Себебі науқастың қорқынышты диагнозды қабылдауы қанша ауыр болса, оны өзгелерге айту да сонша ауыр. Сондықтан әр науқастың жеке дерегі құпия ұсталады.

Бұл орталықта пациенттің тән жарасын ғана емес, жан жарасын жеңілдету жолдары да қарастырылған. Осы мақсатта «тең консультант» ұғымы енгізілген. Яғни адам өзіне қойылған диагноздан күйзеліп кетпес үшін, онымен дәл осындай диагнозы ертеректе анықталған тағдырластары жұмыс жасайды. Олар басқа түскен сынақты жеңілдету жолдарын айтып, қоғамда өзін қалай ұстауы керегін үйретеді. Бұл – ортақ проблеманы психологиялық еңсеруде аса тиімді әрі аса қажет қолдау.

Науқастарды кешенді емдеумен айналысатын, жан-жақты қолдау көрсететін дәрігерлер бұл ауруға өзгелердің шалдықпауын қалайды. Сол үшін жыл он екі ай бойы дәл осы бағытта атқарылатын арнайы шаралар бар. Бұл орайда профилактикалық, эпидемиологиялық бөлімдерге артылар жүк ауыр. Халық арасында індет жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде жастардың сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС індетіне қарсы күрес күніне орай дәстүрлі түрде айлық акция өткізіледі. Ондағы мақсат – осы айықпас дерттен көз жұмғандарды еске алу, сау адамды сақтыққа үйрету, ой салу. Биылғы жылы бұл күн «Теңдік уақыты» деген ұранмен өтеді. Мұны науқас пен қоғам арасындағы алшақтықты азайту деп ұғынған жөн. Теңдік уақыты арқылы науқасқа «сен ешкімнен кем емессің, теңсің» дегенді ұғындыру – міндет.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»