Қасым оқулары
Даусыз дарын, дауылпаз Қасым! Қаламызда I облыстық «Қасым оқулары» шығармашылық байқауы өтті. Өнер сайысына 8-11 сынып аралығында оқитын 50-ге жуық оқушы қатысты.
Қарағанды облысында өткен биылғы облыстық шығармашылық байқау ерекше таланттарды анықтауға арналған маңызды шаралардың бірі болды. Осы байқауға қатысып, өз өнерін паш еткен жастардың бірі – Абай Құнанбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Жаннұр Санай. Ол көпшілікке әншілігімен танымал және өнер жолында жүргеніне он жыл толып отыр. Жаннұр өз қабілетіне сенімді, бас жүлдені иемденемін деп үміттеніп келген. Оның айтуынша, ән өнері жанының қалауы және өз жүрегін ашып көрсетудің бір жолы.
– Бұл байқауда мен үшін тек жеңіске жету ғана емес, өзімнің музыкалық қабілетімді шыңдап, тыңдармандарға әсерлі әндерді жеткізу маңызды. Ән арқылы адамдардың жүрегіне жеткізетін ерекше сезімдер бар, сондықтан әрбір өнер көрсетуде үлкен жауапкершілік сезінемін. Бүгінгі байқау нәтижесінде өзімді сенімді сезіндім, – деді А.Құнанбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Жаннұр Санай.
Сайысты ұйымдастырушы – Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы. Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа туған жердің мәдениетін, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйрету, сондай-ақ олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру. Қарағанды облысының әр өңірінен барлығы 47 өтінім келіп түсті, бұл шараға үлкен қызығушылықтың бар екендігін дәлелдеді.
– Сарыарқа өңірінің мұндай байқаулар өткізуі – мәдениетті ұлықтаудың ең бір жақсы тәсілі. Мұндай шаралар балалардың жастайынан ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, олардың шығармашылық қабілетін дамытады. Оқушылар өз өлкесінің өнерін, әдебиетін бағалауға үйренеді, бұл олардың болашағына үлкен әсер ететін маңызды дүние, – дейді №61 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрегелдина.
Байқау үш негізгі аталым бойынша ұйымдастырылды: өлеңдерді жатқа оқу, Қасым Аманжолов әндерін орындаушылар байқауы және авторлық арнау өлеңдер. Әрбір аталым бойынша үздік шыққандарға 50, 70, және 100 мың теңгелік дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Әдеби байқау нәтижесінде Алина Наурызбаева ақын өлеңін жатқа оқу аталымында бірінші орынды иеленсе, Арман Мейрамбай Қасым Аманжолов әндерін орындауда ең үздік болып танылды. Ал Нұрғасыр Изат өз шығармашылығымен көпшілікті тәнті етіп, үздік ақын атанды. Байқау жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, олардың жетістіктері лайықты бағаланды.
Байқау соңында барлық қатысушы Қасым Аманжоловтың мәдени үйіне барып, ақынның өмір жолымен және шығармашылығымен жақынырақ танысты. Балалар өздерінің рухани байлықтарын арттырып, ақынның еңбектерін тереңірек түсінуге, ұлттық мұрамен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Мәдени шара барысында оқушылар ұлы ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы маңызды мәліметтерге қанығып, оның туған жері мен әдебиетіне деген сүйіспеншілігін сезіне түсті. Мұндай байқаулар жастардың туған өлкенің тарихы мен мәдениетін танып білуіне ықпал етіп қана қоймай, олардың ұлттық болмысын қалыптастырады, шығармашылыққа деген қызығушылығын оятады. Әрбір қатысушы байқаудан үлкен әсер алып, келешекте өз өнерін одан әрі дамытуға ынталанды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»