Астана спортшылары Республика күніне арнап арнайы патриоттық челленджді бастады

Астанада республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным!» акциясы іске қосылды. Елордалық спортшылар акция аясында «Қазақстан – Республикам менің» өлеңін оқып, эстафетаны Атырау қаласының спортшыларына тапсырды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.


Қатысушылар елордадағы мемлекеттік рәміздер алаңына жиналып, бүкіл ел бойынша өтетін челленджді іске қосты, сол сияқты жас республиканың халықаралық татами, корт, трек және рингтегі спорттық жеңістерін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға өзгерістер енгізіп, 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп жариялады. Біз, Астана қаласының спортшылары, Республика күнін жаңа ұлттық мереке ретінде атап өтеміз. Осыған байланысты, біздің патриоттық акциямызды 25 қазанда атап өтілетін Республика күніне орайластыру туралы шешім қабылданды. Бұл челленджді Атырау спортшыларына тапсырамыз. Акция отандық спортты дамыту мақсатында өткізіледі.
Челлендж тізбек бойынша еліміздің өзге қалалары мен өңірлеріне эстафета ретінде берілетін болады», — деді Олимпиада чемпионы, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев.
«Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы қазан айының соңына дейін жалғасады.
Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозовтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – патриоттық сезімді нығайту, халықтың бірлігін спорттық аренада да көрсету, еліміздің осы саладағы жетістіктерін атап өту.
Қатысушылар «Қыран елім – Қазақстаным!» акциясы алда келе жатқан мерекеге құрмет көрсетудің бір жолы, деп бағалады.
Патриоттық акцияға кез келген адам қосыла алады. Ол үшін қала тұрғындарының жеке парақшаларында #РеспубликаКүні, #ДеньРеспублики хэштегтерімен бейнероликтер жариялау қажет.