Ашық есік күні

Әуе қорғанысы күштеріне қарасты, 44803 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті. Шараға «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің оқушылары қатысты. Экскурсия барысында бозбалалар көптеген жаңа және танымды жаңалықтар ашты. Бөлім қызметкерлері оқушыларға әскери қызметшілердің күнделікті өмірінің элементтерін көрсетті. Экскурсия Әуе қорғанысы әскерлеріндегі әскери қызметтің барлық аспектілерін қамтыды.

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебі, Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөліміне экскурсияға барып, сарбаздардың күнделікті өмірімен танысты. Іс-шара өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және жастардың бойында батылдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында жүргізілді. Бөлімге келген 60 әскери мектептің оқушысы әскери қызмет атмосферасына бөленді, оларға әскери техника мен киім үлгілері, автопарк пен арнайы құралдар көрсетілді.

— Бүгінгі күні 44803 әскери бөліміне «Жас ұлан» мектебінің 60 тәрбиеленушісі келді. Оларға әскери бөлімнің өмірін көрсеттік. Жастардың бойында ерлік пен патриоттық сезімді арттыру, мақсатында осы ашық есік күнін ұйымдастырдық. Мұндай ерлік сабақтары жоспар бойынша өтіп отырады. Сарбаздардың өмірі мен тыныс-тіршілігі толық таныстырылды, — дейді 44803 әскери бөлімінің қызметкері Қазыбек Бекболатұлы.

Бозбалалардың назарына жауынгерлік қызмет пен Қарулы Күштер дәстүрі, сондай-ақ ата-баба тарихы мен ерлік мұрасы, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде ақпарат жеткізілді. Осылайша, әскери қызметке бару жастар үшін есею жолындағы маңызды қадам болды. Олар Отанды қорғау туралы тереңірек түсінік алды және Армияның жауынгерлік қуатын көріп, әскери қызметті құрметтеуге үйренді. Саяхатқа барған оқушылар ата-аналарына болашақта осы бөлімдегі әскери қызметкерлер сияқты әскери киім киіп, Отанымыздың әуе кеңістігін қорғайтындықтарын жеткізді.

— Бізге көптеген қызықты дүниелер көрсетілді. Әскери қызметкерлердің жұмысы, ішетін тамағы, жалпы өмірі баяндалды. Әскери ботқаны да жеп көрдік. Өте дәмді екен. Маған қатты ұнады. Заманауи сарбаздардың өмірі жайлылығымен таң қалдырды. Отан қорғаушы мамандығы туралы жарқын әсерлер көбінесе адамның өмір бойы жадында қалады және өз елінің патриоты мен адал азаматы болуға көмектесетін қасиеттерді қалыптастырады, -дейді  «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Бердібек Нұрдыбек.

Шара соңында қонақтар әскери бөлім базасымен, оның құрылымымен танысып, қызметкерлермен сұхбаттасты. Естелік суретке түсіп, қажетті дүниелердің барлығына жауап алды.