Ашық есік күні

Қарағанды қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде ата-аналар әскери борышын өтеп жатқан сарбаздардың жай-күйімен танысып қайтты. Баласы әскерде жүрген аналардың көңілі алаң. Сондықтан «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы мерзімді әскери қызметшілердің ата-аналарына арналған «Ашық есік» күнін өткізді.

Аналар үшін «Асыл аналар» және «Отбасын қорғау орталығы» қоғамдық бірлестіктері «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде экскурсия өткізді. Аналар әскери бөлімнің инфрақұрылымымен, сарбаздардың тыныс-тіршілігімен және күнделікті өмірімен танысты. Бала үшін алаңдаған аналарға тамақ, жатын орын мәселесіне баса назар аударып, асхана, казарма, оқу кабинеттерін аралатты. Сапар барысында аналар әскерге шақырылғандар мен олардың командирлерімен әңгімелесіп, көкейтесті сұрақтарын қойды, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналарымен бейнебайланыс жүргізді. Әскери бөлімді аралауға келгендер қатарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Амангелді Жантасов, «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Ерболат Шерімбетов, Қарағанды ​​облысы қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов болды. Офицерлер қонақтарды әскери борышын өтеу тәртібімен таныстырып, әскердегі әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қалай қадағалайтынын айтып берді. Отан іргесі тыныш болу үшін, алдымен ана көңілі тыныш болғаны маңызды. Әскери борышын өтеп жатқан ұлына келген Зәмзәгүл Мамалинова мұндағы әскери өмірді көріп, басшылықтың қарамағындағыларға деген көзқарасын көргеннен кейін көңілі тыншығанын айтады.

– Штабты қарап шықтық, балалардың жататын жерлерін, бүкіл төсегін қарап шықтық. Таза, ойымыздан шықты. Балам осы әскери бөлімде, баламды және жағдайын көрсем дедім. Ортасымен таныстым. Көңілім толып қайтып барамын. Екі сағат араладық, асханалары таза, тамақтары дәмді екен. Балам ішетін тамақты ішіп көрдім. Ана болған соң, әскерге баланы жіберген соң қорқамыз. Бір жылдық өмір тәжірибесі, жақсылығын әкелсін, – дейді Зәмзәгүл Мамалинова.

ҚАНАҒАТ ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»