АСАУДЫ АУЫЗДЫҚТАҒАН АЗАМАТ

Асау үйрету – айрықша өнер. Ауылдың мығым білекті, қабылан жүректі мықты жігіттері ғана шу асауды бастықтыра алады. Бүгінгі кейіпкеріміз – талай қарақұлақ жылқыны ауыздықтап, ырқына көндірген Талғат Әбдішев.

Талғат Әбдішевтің ауыздықпен алысқан асауды мініп, өрлігі мен өжеттілігі көрініс тапқан әлеуметтік желідегі бейнежазбасы көпшіліктің оң бағасын алды. Күрең қасқа құнанның жалына таскенеше жабысып, мөңкісе де құламаған азаматтың қайраты мен шар болаттай шымырлығы талайдың таңдайын қақтырды.

– Әкем 5 жасымнан тізгін ұстауды үйретті. Жалпы, бұл өнер маған әкеден дарыған. Сосын өскен соң 3-сыныптан бастап бәйгеге шаптым. Ал туған ағам маған асау үйретудің тактикаларын көрсетті. Атап айтқанда, 5-6 сынып оқыған кезімнен жабағыдан бастап өзім үйрете бастадым, – дейді кейіпкеріміз.

Асау үйрету – кіл күштілер мен қайтпас қайсар оғландардың нағыз бәсекесі. Талғат Қыдырбайұлы – жасынан жылқының сыры мен сынын жетік білетін жігіт. Сондықтан сом білекті азаматқа тай мен дөнендерді бастықтыру аса қатты қиындық пен қорқыныш тудырмайды екен. Тек асау арғымақ тулағанда түспей, тақымды тастай қылып қысып алу қажет.

– Асау үйреткен кезде аттың бас тізгінін жібермей қатты ұстау керек. Өйткені ат басын еңкейтіп алса, ол ат күшіне мініп алады. Сосын үстіндегі адамның әлсіздігін біліп қояды. Бастысы, адамның тақымы мықты болу керек, – деп атап өтті Талғат Әбдішев.

Жылқыны қолға үйрету – бабадан қалған бекзада өнер. Алайда ұлттық спорттың осы түрі аса қауіпті болғандықтан, кез келген адамның батылы бара бермейді. Сондықтан асау үйретудің пайдасы орасан зор екенін айтады атбегілер.

Асау үйрету адам денсаулығын нығайтады. Тыныс алу жолдары және ас қорыту ағзаларының қызметін реттейді. Қан айналымы мен жүйке жүйесінің жұмысы жақсарады. Көздің көру қабілетін жақсартады.

Асау үйрету азаматтарды барынша батылдық пен ержүректілікке баулиды.

Асау сәйгүлікті тізгіндегенде сауыры мен бауырынан қамшымен ұрмайды. Себебі тұлпар құйрығын көтеріп, шыжбақтап жаман әдет қалыптастыратынын айтады Талғат Әбдішев.

– Атпен желіп жүрген 77 ауруға ем екенін баяғыда атам жиі айтушы еді. Соның бәрі ғылымда дәлелденген. Өйткені ішкі құрылыс түгелдей қозғалады. Адамның ішкі ағзасы дұрыс жұмыс істейтін болады. Ең бастысы – тамақтың дұрыс қорытылуы ғой. Ішкі ағза жұмысы жақсы болса, тамақ адамға дұрыс сіңеді. Осылайша денсаулығыңыз жақсарады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»