ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы аппараттық кеңес өтті. Қарағандыда өнеркәсіптік алты жаңа жоба, сауда және қызмет көрсету саласында 90 нысанды іске қосу жоспарлануда. Ал, жұмыс істеп тұрған сегіз кәсіпорында өндірісті жандандыру және кеңейту күтілуде.

Жиын қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Рахымбаевтың баяндамасымен басталды. Кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы сомасы 209,3 миллиард теңге болатын, 3368 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 36 инвестициялық жоба енгізілген.

— Қазір картаға жалпы сомасы 139,8 миллиард теңге болатын 32 жаңа жоба енгізілді, 3 900 жаңа жұмыс орны құрылды, — деп мәлімдеді Абзал Жұпарұлы.

2021 жылы «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» аясында 35 миллиард теңге сомасына «Qaz Qarbon» агломерациялық фабрикасы мен Сарыарқа ферроқорытпа зауытын іске қосу күтілуде. Жобаны аяқтау жылдың соңына жоспарланып отыр.

Ал, өнеркәсіпте алты жаңа жоба іске қосылады. Оның үшеуі: сервистік-техникалық орталық, полиэтилен құбырлары мен тігін бұйымдарын өндіру орны жұмысын бастаған. Осы жылдың аяғына дейін басқа да ірі жобалар іске қосылады. Атап айтқанда, Шығыс-5 ауданында «Корзина» супермаркеті бар сауда үйі, «Технодом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Global City де» сауда-логистикалық кешен, 19-шағынауданда «Байқоңыр» балалар ойын-сауық орталығы, сондай-ақ, Федоров су қоймасында демалыс аймағы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, «Global City» базасында сыйымдылығы он мың тонна көкөніс қоймасының құрылысы жүргізілуде. Аяқталу мерзімі жылдың төртінші ширегіне тұспа-тұс келеді.

– Жұмыс істеп тұрған сегіз кәсіпорында өндірісті жандандыру мен кеңейтуге көлемді инвестиция салынады. Жалпы сомасы үш миллиард теңгеден астам, — дейді Абзал Рахымбаев.

Бір орында өндірістік қуаттылық арттырылса, енді біріне жаңа жабдық сатып алынады. Ал, тағы бір кәсіпорында қайта құру жұмыстары жүргізіледі, цехтар кеңейтіліп, өнімге арналған резервтік қоймалар салынады. Бұдан бөлек, сауда және қызмет көрсету саласында тоқсан нысан іске қосылады. Оның ішінде, шағын-орта кәсіпте құны 9,5 миллиард теңге болатын, 700-ден астам жаңа жұмыс орындарымен 22 ірі жоба бар. Сондайақ, аукцион арқылы берілген жер телімдерінде 18 жобаны іске асыру күтілуде. Сомасы 60 миллиард теңгеге 22 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, қала экономикасының негізгі капиталына кемінде 180 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1450 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, 765 жаңа жұмыс орны құрылған. 2,7 миллиард теңгеге төрт жоба пайдалануға берілген

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ, QH