Қарттарға қамқорлық жалғасуда

Қарағанды қаласында зейнеткерлерге арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылғанын сүйіншілеген едік. Орталық аз уақыттың ішінде танымал болып, қарттардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Ендігі таңда оның ауқымы кеңейіп, Майқұдықта филиалы ашылды.

Бұдан былай Әлихан Бөкейхан ауданында тұратын зейнеткерлер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына бару үшін алысқа сабылмайды. Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде ашылған филиал қарттарға лайықты қызмет көрсетуге әзір. Мұнда түрлі үйірме ұйымдастырылған. Сондай-ақ қарттарға заңгерлер мен психолог мамандар тегін кеңес беріп, көмек көрсетеді.

Қазірдің өзінде қазақ және ағылшын тілдерін оқытатын тіл секциялары жұмыс істейді. Гимнастика залы, шахмат пен дойбы ойнауға арналған бөлмелер, ән мен хор үйірмесі бар.

– Біз енді ғана ашылдық, қазірдің өзінде 50 адам жазылды. Халықпен белсенді жұмыс істейміз, үйірмелер мен секциялар туралы айтамыз. Міндетті түрде қызметтер тізімін кеңейтетін боламыз. Бізге күніне 50-100 адам келгенін қалаймыз, – дейді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының міндетін атқарушы Берік Есенов.

Айта кету керек, алдағы уақытта дәл осындай орталық филиалдарын Пришахтинскіде және Сұрыптау станциясында ашу жоспарлануда.

Жаңа орталықтың мекенжайы: Магнитогорск көшесі, 19.

Байланыс телефондары: (8-7212) 78-08-50, 78-07-33.

Толығырақ Instagram парақшасында: @cad_krg_2022.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»