Қарттарға қамқор болайық!

Елімізде ежелден қалыптасқан дәстүрге орай қариялар ерекше қамқорлыққа бөленген және бұл үрдіс жалғасын тауып келеді. Кейінгі жылдары ардагерлер ұйымдарының бастамасымен қарт адамдарды қолдаудың айлығы өткізіліп, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні бүкілхалықтық мереке ретінде аталып өтеді.

Қарттар күні – барша ұрпақтың тамаша мерекесі, өйткені барлық заманда қарияларға, асыл қазынамызға, ерекше ықыласпен қарап, олардың баға жетпес ақыл-кеңестеріне, даналық сөздеріне құлақ асып, өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп келеміз. Бұл күн – сондай-ақ әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс және еңбек ардагерлерінің, зейнеткерлердің, аға ұрпақтың барлық өкілінің туған қаламызды өркендетуге қосқан үлесін, жанқиярлық ерлік еңбегін, фашизмді жеңген тарихи жеңісін еске алып, бас июдің тамаша мүмкіндігі. Олардың көпшілігі жастарына қарамастан белсенді өмірлік ұстанымын сақтап, өндірістегі жұмыстарын жалғастыруда, жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысып келеді.

Қарағанды қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері қаланың меншік иесіне қарамастан барлық кәсіпорны мен ұйымдарын, сондай-ақ мекеме басшыларын, атқарушы билік органдарын, кәсіпкерлерді бастауыш ардагерлер ұйымымен бірлесе отырып, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, жалғызілікті қарт азаматтарға республикалық «Қарттарға қамқор болайық!» акциясы аясында қолдан келгенше материалдық көмек көрсетіп, моральдық қолдау шараларын өткізуге шақырады.

Қарағанды қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері