Қармен қоса жол да «еріп» кетті

Ел көктем келіп, күн жылығанына қуанып жүр. Ал автокөлік тізгіндеген жүргізушілер үшін бұл маусым – нағыз азап. Өйткені қаланың кей көшесіндегі асфальт қармен бірге «еріп» кеткен. Жолдағы апандай шұңқырлар шалшық астына «жасырынып» талайдың дөңгелегін жарды, көлігін сындырды. Ал жауаптылар болса олқылықты жоюдың уақытша шараларын қабылдауда.

Жол сапасы – тек қарағандылықтардың ғана басындағы кеп емес. Кейінгі жылдарда еліміздің барлық аймағында айтылып, әбден қордаланып қалған жайт – бұл. Жол жөнделмей жатса бір сәрі ғой. Жыл сайын автожолдарды жөндеуге, оны күтіп-баптауға қазынадан қыруар қаражат бөлінеді-ақ. Сіз бен біздің салықтан жиналған ақша ғой – оның бәрі. Десек те нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Тіпті басқа аймақтардың, аудан-қалалардың ахуалын айтпаған күннің өзінде, облыс орталығы – Қарағанды қаласындағы жағдайдың өзі мәз емес. Қаланың келбеті саналатын орталық көше, Бұқар жырау даңғылы, ұңқыр-шұңқырдан көрінбейді. Әсіресе жеңіл автокөлік көп жүретін «Қарағанды» қонақүйінің алды және Ә.Ермеков көшесімен қиылысар тұста дөңгелегіңді соқпай аман өту – қиынның қиыны. Қала орталығы мен Оңтүстік-Шығысты байланыстырып тұрған көпірдің жайы да келісіп тұрғаны шамалы. Жолдағы жарықтан көпір астында әрі-бері ағылып жатқан көліктер анық көрінеді. Әрі қарай жүрсек, «16-дүкен» аялдамасының және «Мерей» клиникасының тұсында жол мүлдем жоқ деуге келеді. Дәл осы арадан жеңіл көлікпен өтсеңіз, облыс орталығында емес, құдды бір шалғай ауылдың адам тұрмайтын көшесінде келе жатқандай әсерде боларыңыз анық. Айта берсек, мұндай мысалды бір Қарағандының өзінен жүздеп келтіріп шығуға болады. Қаланың қақ ортасындағы даңғылдың өзі адам шошырлық күйде тұрғанда, қаланың елеусіз өзге көшелерінің ахуалын елестетудің өзі қорқынышты. Солай емес пе?

Қазыбек би ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда «Тазалық эксперт» ЖШС мердігер компаниясы қаладағы ұңқыр-шұңқыр жолдарды уақытша жөндеу шараларын қолға алыпты. Яғни кішігірім шұңқырларға топырақ сеуіп, апандай болып ойылып қалған жерлерге брусчатка төсеп жатыр екен. Әрине, мұның бәрі – мәселені уақытша шешуге арналған шара. Әйтпеген жағдайда қалада қозғалыс тіптен күрделеніп кеткен еді.

Қарағанды қаласы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта проблемалық нысандарды қалпына келтіру шаралары қабылданып жатыр.

– Бүгінде қаланың транспорттық инфрақұрылымын дамыту бағытында автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және қалпына келтіру жөнінде бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатыр. 2023-2025 жылдарға арналған жобалар әзірленді. Бұл жоба биыл орташа жөндеуден өткізілетін автокөлік жолдарын да қамтыған. Оны әзірлеу барысында тұрғындар шағымы ескерілді, – дейді Коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары.

Сондай-ақ бөлім мамандары қазіргі таңда Бұқар жырау даңғылының бойындағы шұңқырлар ай соңына дейін қайта қалпына келтірілетінін жеткізді. Бұл жұмыстар қаланың өзге аудандарында да жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде уақытша шаралар қабылданған. Мәселен, «Қарағанды Су» ЖШС Дүйсембеков көшесінен Гончарный көшесіне дейінгі аралықтағы шұңқырларға топырақ төсеп, кей тұсқа брусчатка жайған. Өйткені бұл аймақтағы жолдың бүлінуіне оның астымен өтетін құбырларды жаңартқан осы компания жауапты еді. Әрине, қазір істеліп жатқан жұмыстар – уақытша қабылданған амал. Компания өкілдерінің хабарлауынша, асфальт-бетон зауыты жұмысын бастаған тұста, бұл аумақтарға асфальт төселеді. Әзірге 25 шаршы метр аумаққа брусчатка төселген.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»