Ардагерлер қозғалысына 35 жыл

Биыл Қазақстан ардагерлер қозғалысының құрылғанына 35 жыл толды. Мерейтой қарсаңында Қарағанды қаласының қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ардагерлермен кездесу өтіп, оған қала әкімі қатысты.

Бұл жай ғана мерейтой емес, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып есептеледі. Қоғамдағы ардагерлердің, аға буын өкілдерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Олар — өндіріс пен қоғамдық өмірдің әр саласында ерен еңбек атқарған ардагер.

Кеншілер қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қолынан келгенше қаланың қоғамдық-саяси өміріне, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру жұмыстарында белсенділік танытып жүрген қазыналы қарттарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Қазіргі таңда қаламыздағы Ардагерлер ұйымы құрамында 60 адам бар. Жастармен қатар жүріп, қаланың көркеюіне қосып жатқан еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! Ардагерлер қозғалысының белсенділеріне сарқылмас қуат, денсаулық тілей отырып, сіздер атқарып жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өткім келеді, — деді шаһар басшысы.

Бүгінде республиканың ардагерлер ұйымдары тәжірибелі, көпті көрген екі миллионға жуық қарттың басын қосқан бұқаралық қоғамдық бірлестіктердің бірі болып отыр. Қарағанды қаласының Ардагерлер ұйымы қоғамда болып жатқан жайттарға белсене араласып, қаланың да, жалпы елдің де экономикалық және мәдени дамуына өз үлесін қосуда.

Достық үйінде өткен жиында кеңес мүшелеріне «Қарағанды облысының құрметті азаматы» төсбелгісі, қала әкімінің құрмет грамотасы, алғысхаты және Облыстық ардагерлер кеңесінің құрмет грамоталары табысталды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»