Ардагер жауынгер

Білім жүйесінде болсын, жастар мәселесінде болсын басты назар аударатын тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Жастар бойында жоғары патриоттық сезім және Отанға деген адалдық қалыптастыру қажет. Ол үшін әр адам өз Отанының мүддесін қорғауда азаматтық борыштары мен конституциялық міндеттерін атқаруға әрқашан дайын болуы тиіс. Әрине, ешкімге де елін, жерін, Отанын зорлықпен немесе жалынып-жалбарынып сүйгізе алмайсың. Елжандылық, туған жерге деген құрмет – әркімнің дербес парызы, ар-ұятының ісі. Патриотизм деген – санада біртіндеп қалыптасатын, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Өскелең ұрпақ бойында осы сезімді ұялату үшін, оны дұрыс жеткізу үшін оларға үлгі бола алатындай жерлестерімізді, өз салаларының мықты мамандарын «Еңбек адамы» атты айдарымызда кеңінен насихаттап келеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз – тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан жерлесіміз, ардагер жауынгер Құлжанбеков Шүкіржан Елубайұлы.

1992-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста жауынгерлік міндетін орындаған қазақстандық жекелеген құрама атқыштар батальоны болды. Аталмыш қақтығыста ТМД шекарасын қорғау жолында ерлік көрсеткен қарағандылық ардагер жауынгер Құлжанбеков Шүкіржан Елубайұлы да бар. Өспен ауылының тумасы сол бір қиын-қыстау күндері қызмет етсе де, жастармен жиі кездесіп, естеліктерін бөлісіп, тағылымды әңгіме ағынын өрбітеді.

1999 жылы 27 ақпан мен 17 шілде аралығында тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан Шүкіржан Елубайұлы 1999-2006 жылдары Алматы қаласындағы арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасағында қызмет атқарды. 2006 жылы Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімге ауысып, арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасағында бөлім басшысы, топ командирі, кейін штаб басшысының орынбасары қызметін атқарады, капитан шенінде зейнетке шыққан. Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ тасыған. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операция жүргізілді. Нәтижесінде 1993 жылдан бастап тәжік-ауған шекарасында 9 500-ден астам қазақстандық жауынгер Отан алдындағы борышын өтеп, алға қойылған тапсырманы абыроймен орындап шықты.

– Ер есімі ел есінде! Еңбектің бағаланғаны кеудедегі медаль санымен өлшенбейді. Ұрпағым менімен мақтана алса, сол – мен үшін үлкен сый. Ер-азамат ел үшін туады, ел үшін өледі. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Өмірге қайта айналып келсем де, осы жолды таңдар едім. Қазір ауылға барып ат мініп, жабағы үйрететін жігіттер аз. Ер адам қандай мамандық иесі болса да, кеудедегі намысын жоғалтпауы тиіс. Елді ақ найзаның ұшымен қорғаған ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған осынау ұлан-байтақ даламызды біз де көзіміздің қарашығындай қорғап, келешек ұрпаққа аманат етіп табыстауымыз қажет, – дейді ардагер жауынгер Шүкіржан Құлжанбеков.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»