Ардагер қос жеңіске қол жеткізді

Шет ауданының ақсақалы Дәрібай Оспанов пауэрлифтингіден Азия, Океания және Африка чемпионатында ардагерлер арасында екі мәрте жеңіске жетіп, екі рекорд орнатты. Оған әлемнің 80 елінен келген спортшылар қатысты.

Дәрібай Оспанов 74 жаста, ол 83 кг салмақ дәрежесінде пауэрлифтингінің екі түрімен ардагер М-4 (70 жастан асқан) кіші топта бақ сынасты.

Классикада: отыру – 130 кг, жатып сығымдай көтеруде – 120 кг және бітімге тартуда – 150 кг, жалпы 400 кг жинады. Осылайша жалпы есепте I орын алды. Жабдықты түрде: отыруда – 140 кг, жатып сығымдай көтеруде – 150 кг, бітімге тартуда – 160 кг, жалпы есептегенде – 450 кг. Бұл түрде де I орын алып, ардагерлер арасында Азияның абсолютті чемпионы атанды. Осылайша ол жабдықты түрде Азияның екі рекордын орнатты: жатып сығымдап көтеруде – 150 кг және көпсайыста – 450 кг.

– Мен спортқа ойда жоқта келдім. Ауыр жаттығулардың арқасында Азия мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атандым, 63 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Әлемдік рекордты 2021 жылы 72 жасымда Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатында қайталадым, – дейді Дәрібай Оспанов. – Гонконгтағы чемпионатқа төрт ай дайындалдым. Әрине, қиын болды, бірақ мен жақсы нәтиже көрсеттім. Сегіз медаль жеңіп алдым, қазір он дүркін Азия чемпионы, әлемнің үш дүркін күміс жүлдегерімін.