Қаражатты тиімді пайдалану
Қарағандыда ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба таныстырылды. Ол қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ балабақшалар арасындағы бәсекелестікке ынталандыруға бағытталмақ. Шенеуніктер әлеуметтік саладағы өзгерістерді мемлекеттік және жеке меншік ұйым өкілдерімен талқылады.
Қарағанды облысында білім беру саласында бірқатар маңызды жаңашыл жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе, ерте жастағы балалардың дамуын бақылауға және оларды мектепке дайындауға бағытталған «Сәби дамуы» платформасы ерекше назар аударады. Бұл платформа балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарына көмек көрсетуге арналған. Онда балалардың танымдық дағдыларын дамытуға арналған мультфильмдер, тапсырмалар, сондай-ақ баланың дамуын бағалауға арналған скрининг және өзін-өзі диагностикалау құралдары ұсынылады.
– «Сәби дамуы» платформасы арқылы балабақшадағы білім беру мен тәрбиелеу әдістемелерін онлайн форматқа көшіруді көздеп отырмыз. Бұл жоба ата-аналарға балалардың дамуындағы әлсіз тұстарды анықтауға және арнайы мамандардың логопедтер, дефектологтар, психологтар көмегіне жүгінуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді «Өрлеу» компаниясының басшысы Фарида Ақшолақова.
Сонымен қатар, білім беруді қаржыландырудың ашықтығын арттыру үшін ваучерлік жүйені енгізу жөнінде пилоттық жоба талқыланды. Бұл бастама мектепке дейінгі мекемелердегі оқу үдерісін үйлестіріп, балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетуді көздейді. Қарағанды облысының білім беру саласындағы тағы бір басымдық – техникалық және кәсіби білім беру мекемелерін трансформациялау. Өңірдің өнеркәсіптік ерекшеліктерін ескере отырып, еңбек нарығына сай кадрларды дайындау мақсатында 54 колледж жұмыс істеп жатыр.
– Біздің облысымыздағы 54 колледж 126 мамандық бойынша және 178 біліктілікке сай мамандарды даярлайды. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелерін дамыту – аймақтық еңбек нарығының сұранысына сай маңызды қадам. Қазіргі кезде колледж түлектерінің 88%-дан астамы жұмысқа орналасуда. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден жоғары, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау осы бағыттағы жұмыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аймақта 32 766 студент техникалық және кәсіби білім алып жатыр. Қарағанды облысы бұл бастамалар арқылы білім беру сапасын арттырып, аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлесін қосуда.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»