Қара орман өртеніп қамықтырды

Апат айтып келмейді. Абай облысында болып жатқан алапат өрт – осының дәлелі. Тілсіз жау қазірдің өзінде ең үлкен орман өрті деп тіркелген. 14 адамның өмірін жалмаған жойқын жалын, есепсіз шығынның басы неден шыққаны нақты белгісіз. Бірақ қажетті дайындықтың болмағаны, есесіне жауапты министрлік тарапынан тиісінше қамтылмаған жауапсыздықтың болғаны хақ. Оны баласынан айырылған ана да, әкесінен айырылған бала да ашық айтып ашынып тұр. Орман өртегеннің оңғаны жоқ дейміз, бірақ бұл жерде табиғи құбылыстың да себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Қалай болғанда да, қызыл жалынның жалмағаны ауқымды, қарқыны мықты. Сондықтан өршіген өртті сөндіруге Семей орманшылары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне көмекке Абай облысы, Өскемен, Астана және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің, әскери бөлімдердің, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Төтенше жағдай жарияланды.

Жұрт болып жәрдем қылып, ауқымды алауды ауыздықтауға Қарағанды облысының ТЖД өрт сөндірушілері де жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының ТЖД өрт сөндірушілері Семей орманы аумағында өртпен күресуде және елді мекендерде өрттің таралуына жол бермеу үшін қорғаныста тұр. Қарағанды облыстық ТЖД-ның Шахтинск қаласынан барған автоцистерна көлігі осы орман өрті барысында жанып кетті. Абырой болғанда, жеке құрам зардап шеккен жоқ. Қаймығып тұрар шақ емес, сондықтан өртті жою жұмыстары жалғасуда. 8 маусым Қарағандыдан 29 адам және 6 техника кеткен болатын. 9 маусымда Қарағанды облысы ТЖД құрамында 28 адам мен 5 техника бар екінші колонна жолға шықты. Себебі адуынды алау адами күшке ырық бермей, бірнеше ауылға жақындаған. Қайсыбір жерлерде қауіптің артқаны соншалық, ауылдардан халық көшірілді.

Бүгінге дейін, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті 1,5 мың адам мен 300-ден астам техника ауыздықтаған. 14 тікұшақ әуеден су құйды. Өрт басталғаннан бері көлемі 2000 тоннадан асатын 777 су төгу жұмысы жүргізілді. Адами шығын орын алып, табиғат-ана тілсіз жаудан залал шегіп жатқанда, Юрий Ильин қызметінен босатылды. Төтенше жағдайлар министрі болып Сырым Шәріпханов тағайындалды. Жағдайдың жұртты дүрліктіріп тұрғанын көрген соң Президент Вьетнамға жоспарланған сапарын тоқтатып, қаза тапқан орманшылардың отбасымен кездесті. Оларға қаржылай көмек пен жәрдемақы қарастыруға уәде берді. Өз кезегінде Премьер-министр өрттің шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия жасақталғанын және жедел штаб құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза тапқандар отбасына көмек ретінде «Қазақстан халқына» қорынан 7 миллион теңгеден және кәмелет жасына толмаған әр бала үшін 2 миллион теңгеден қолдау қаржысы бөлінетінін жеткізді.

Апаттар медицинасы орталығының еріктілері мен топтары да оқиға орнында жұмысқа кірісті. Бүгінде, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт аумағы 43 мың гектарға дейін қысқарды. Температураның көтерілуіне және екпінді желге байланысты одан әрі өршу қаупі әлі де бар.

Қазір Қазақстанның әр өңірі Абай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр. Алматы мен Павлодардан Бородулиха ауданына киім-кешек, жеке гигиена құралдары және басқа да заттар жөнелтілуде. Ал Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілері бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады. Қарағанды облысы да бұл істен қалыс қалмады.

Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы екі күн ішінде құтқарушылар мен зардап шеккендерге көмек жинады. Қиындыққа тап болған адамдарға негізі қажетті заттар (су, азық-түлік, гигиена заттарын) сатып алды. Басқа да ұйымдар мен мекемелер, белсенді азаматтар гуманитарлық көмек жинап, асарлатып жөнелтіп жатыр.

Жалпы, дүйім елді дүрліктірген бұл жағдай өзгелерге үлкен сабақ боларлық ой тастады. Сол себепті Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен алқалы жиында табиғи және орман өрттерінің алдын алуды күшейту мәселесі күн тәртібінде қаралды. Жасыл желекті аумақтарды әуеден және жерден патрульдау арқылы бақылап отыру тапсырылды. Жиын барысында өрт қатері басым болар маусымда өңірімізде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде бірқатар тапсырма пысықталды. Аймақ басшысы осы ретте әкімдерге, жауапты құрылым шенеуніктеріне өрт қаупі жоғары кезеңде орман қорын тұрақты бақылау, сондай-ақ жоғарыдан бағдарлайтын дрондарды пайдалану шараларын қабылдау қажеттігін баса айтты. Әсіресе облысымыздың орман қоры шоғырланған Қарқаралы, Осакаровка аудандарында аса сақтық таныту маңызды екені қаперге салынды. Қауіптің алдын алу үшін өртті ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен қамтамасыз ету, бейнебақылау және өрт бақылау жүйелерін орнату үдерісін жандандыру қажеттігін де атап өтті.

Ал 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні боп жарияланды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»