Қарағандылықтардың қазынаға қарызы көп

Қарағанды облысының тұрғындары қазынаға мүлік және көлік салығы бойынша 1 миллиард 38 миллион теңге берешек. Жалпы алғанда, 42 933 жеке тұлғаның мойнында салық борышы бары анықталды. Әрі бұл берешектің 91 пайызы көлік салығына тиесілі екен.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, салық қарызы пайда болған жағдайда жеке тұлғаларға хабарландыру жіберіледі. Егер борыш дер кезінде өтелмесе, онда салықты өндіру жөнінде бұйрық шығарылып, аймақтық жеке сот орындаушыларына жөнелтіледі. Осылайша қарыз мәжбүрлі түрде қайтарылады. Бұл дегеніміз борышкердің тағы да қосымша шығынға бататынын аңғартады. Өйткені мұндай жағдайда борышкер салық пен оның өсімақысынан бөлек сот орындаушыларының жұмысы үшін де ақы төлеуге мәжбүр болады.

– 1 қазанда мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Осыған орай Қарағанды облысының Мемлекеттік кірістер департаменті аймақ тұрғындарын мүлік және жер салығын уақытылы төлеуге шақырады, – дейді департамент өкілдері.

Айта кету керек, азаматтар салық бойынша берешектерін «Е-Salyk Аzamat» мобильді қосымшасы арқылы немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталынан көре алады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»