Қарағандылық студенттер дүниежүзілік сайыста өнер көрсетеді

«Жарқын» фольклорлық ансамблінің 16 мүшесі Қарағандыдан Түркияға аттанды. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшылығы студенттерді салтанатты түрде шығарып салды.

Хореографиялық ұжым IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетеді. Жарыс 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Түркияның Ыстамбұлдан 125 шақырым жерде орналасқан Бурса провинциясындағы аттас көлдің жағасындағы Изник қаласында өтеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы айтулы шоуға Түркияның үздік режиссерлері мен сценаристері қатысады.

«Жарқын» бір ай бойы халықаралық жобаға дайындалған. Бишілер ұлттық нақышта бірнеше композиция ұсынады.

– Ашылу салтанатына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, Венгрия, Ресей, Балқан елдерінен 1500-ге жуық өнерпаз қатысады. Шараның басты ұйымдастырушысы – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы. Осындай ауқымды шараға қатысу – біз үшін үлкен мәртебе, – деп мәлімдеді ансамбль басшылығы.