Қарағандылық әскери дирижер бастаған құрама топ «ГРАН-ПРИ» атағына ие болды

Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ұланның әскери оркестрлерінің тоғызыншы «Әскери керней» фестивалі өтті. Оған Ұлттық ұлан Академиясының әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» , «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама әскери оркестрлері қатысты.

Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналеан фестиваль Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімі аумағында бастау алды.

Капитан Стас Құдабаев бастаған «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрама оркестрі үздік өнер көрсетіп, республикалық деңгейдегі «ГРАН-ПРИ» жоғары марапатына ие болды.

«Әскери керней» қатысушылары қазақ хандығынан бастап әлемдік заманауи хиттерге дейінгі көптеген композицияларды орындады.

Мысалы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының құрама оркестрі астана тұрғындарын бей-жай қалдырмаған американдық орындаушылардың LMFAO-Party Rock хитін тарту етті.

— Фестиваль халықтың, әскери қызметшілердің, жалпы тыңдаушылардың рухын көтеру, сондай-ақ еліміздің өскелең ұрпағын патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында жыл сайын өткізіліп тұрады. Бүгінгі қойылымды біз елорда тұрғындарына және бөлімнің жеке құрамына арнап, адамдардың әскери музыка өнерімен танысып, қайталанбас ләззат алуы үшін өнер көрсеттік, — дейді әскери дирижер капитан Станислав Құдабаев.

Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 21 маусым күні Ұлттық ұланның елордалық жедел құрамасы аумағында өтті.

ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.