Қарағандылық сарбаз үздік атанды

Қыркүйек айының соңында ҚР Ұлттық ұланының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары басқарма, бөлімшелерінің «мемлекеттік тілді енгізу» мамандарының оқу-әдістемелік жиыны өтті. Осыған орай Астана қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде республикалық «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының қорытынды кезеңі өткен-ді. Оған Ұлттық ұланның «Орталық», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары мен 5573, 3656, 6636, 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты. Аталмыш іс-шарада Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасы тіл бөлімінің бастығы, полковник Әлішер Әбдірәсіл төрелік етті.

– Жыл сайын әскердің барлық өңірдегі әскери бөлімдерінде аталмыш конкурстың І және ІІ кезеңдері өткізіліп тұрады, араларынан үздік танылғандары Астананың төрінде республикалық дәрежеде сынға түседі. Әрбіріміз Қазақстан азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді білу – парыз. Ел қорғаушыларының арасында еліміздің тарихын, тілін дамытуда игі істер жасалып жатыр, соның бірі – бүгінгі шара. Ең мықтысы жеңсін! – деді Әлішер Әбдірәсіл шараның ашылу салтанатында.

Айта кетелік, аталмыш іс-шараға СҚО, Түркістан облысы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарындағы Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде қызмет ететін өзге ұлт өкілдері қатысты.

– Іс-шара ережелерінің бірі – әрбір үміткер 3 айналымға қатыса алады. Өзі қызмет ететін өлкесі жайлы өлең шумақтары, бейнелеу әдісімен таныстыру, көркемсөз шебері (театрлық көрініс), эпиграф таңдап алып көркемдік, фондық музыка арқылы жеткізу, – деді Ұлттық ұлан академиясының байқаудан ІІІ орын иеленген курсанты Валижонов Бекзод.

Іс-шара барысында үздіктер анықталып, Қарағанды қаласының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің маманы, кіші сержант Владислав Горизанов топ жарды.

Ал жүлделі ІІ орынды Алматы қаласынан келген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі, қатардағы Руслан Калоша еншіледі. ІІІ орын 6654 әскери бөлімінен келген сержант Мамедов Исаға және Ұлттық ұлан академиясының курсанты Бекзод Валижоновқа бұйырды.

Жеңімпаздарды полковник Әлішер Әбдірәсіл және ҚР Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев марапаттады.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі