Қарағандылық сарбаз Республикалық жарыста күміс жүлдегер атанды

2023 жылдың 7-9 сәуірі аралығында Шымкент қаласының Қажымұқан атындағы орталық стадионның спорт кешенінде 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ішкі әскерлердің 17 жауынгерін еске алуға арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ұландары арасында жекпе-жек ұрыстан дәстүрлі чемпионат өтті.

Аталмыш жарысқа Ұлттық ұланның 4 өңірлік қолбасшылығынан («Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс», «Орталық») , сондай-ақ жарысқа Петропавл қаласы Ұлттық ұлан Әскери академиясының, 5573 әскери бөлімінің (Астана қаласы) және 6654 әскери бөлімінің (Қаракемер кенті) командалары қатысты.

Жалпы есепте 80-ге жуық спортшы жеті салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.

— Мен 57 салмағына дейінгі қарсыластармен кездестім, әрбір спортшы жақсы дайындалып келгені әр кездесуде сезілді. Мен үшін мұндай боз кілемде бетпе-бет кездесу бірінші рет емес, тек өзгешесі бүгін мен тек өз атымды емес 5451 әскери бөлімінің, Орталық өңірлік қолбасшылығының намысын қорғадым, дейді қатардағы Тимур Журекенов.

Қатардағы Журекенов Тимур Сабитович — 2015 жылғы Ушу-САНЬДА спорты бойынша жеңімпазы, Таеквондо спорты бойынша Қазақстан чемпионы және 2017 жылғы Кикбоксингтен Қазақстан чемпионы. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында орналасқан Ұлттық ұлан 5451 әскери бөлімінде жүргізуші мамандығы бойынша өзінің ел алдындағы борышын өтеп жатыр. Алдағы уақытта өз өмірін кәсіби спортпен байланыстыруды арман етеді жас сарбаз.

Аталмыш салмақтағы жеңімпаздарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Кеңесшісі генерал-майор Альберт Маткаримов құттықтап, медаль, грамотала, құнды сыйлығымен марапаттады.

Айта кетерлік, с-шараның басты мақсаты әскери қызметшілер арасында әскери-қолданбалы спорт түрі ретінде жекпе-жек ұрысты және салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Ұлттық ұланының Орталық өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.