Қарағандылық оқушылардың зияткерлік додалардағы жетістігі
Қарағанды облысының оқушылары халықаралық және республикалық деңгейдегі беделді білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетті. Олар өз қоржындарына күміс және қола медальдар жинап, облыстың абыройын асқақтатты.
«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Бейбарыс Жеңісбек екі бірдей халықаралық олимпиадада – Азия-Тынық мұхиты және «Жібек жолы» математикалық олимпиадаларында жүлдегер атанды.
«Жібек жолы» XXIV Халықаралық математикалық олимпиадасына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзірбайжан, Қытай және Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан басқа да мемлекеттердің оқушылары қатысты. Ал XXXVII Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы ауқымы кеңірек болып, 40-қа жуық елден жаратылыстану ғылымдарын меңгерген үздіктерді жинады. Қазақстан бұл жарыстарда республикалық олимпиадалардың өңірлік кезеңдерінде топ жарған 130-дан астам дарынды оқушыны ұсынды.
Олимпиада қатысушыларының пікірінше, екі жарыстың тапсырмалары ұқсас болғанымен, олардың саны мен орындалу уақыты жағынан айырмашылық бар.
– Мен үшін Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы қиын болды. Себебі бес тапсырманы шешуге аз уақыт беріледі. Ал «Жібек жолында» төрт тапсырма бар. Әсіресе, екінші тапсырма күрделі болды. Оны шешуге соңғы 10 минут қалғанда ғана үлгердім, – дейді Бейбарыс Жеңісбек. – Ал «Жібек жолы» олимпиадасында тапсырмаларды рәсімдеуге көп уақыт жұмсадым, шамамен екі сағаттай уақыт кетті.
Жарыстар қорытындысы бойынша Бейбарыс екі қола медаль жеңіп алды. Ол болашақта білімін KAIST (Кореяның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны) университетінде computer science мамандығы бойынша жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Жібек жолы» олимпиадасында жүлделі орынға тағы бір қарағандылық оқушы – «№1 БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Жанарыс Теңдіков ие болып, ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының оқушылары Ақтауда өткен жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңінде де жоғары нәтиже көрсетті. Олар үш күміс және бір қола медаль еншіледі.
Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Әлішер Қазтаев информатика пәні бойынша ІІ орынды жеңіп алды.
– Олимпиадада екі турдан өту қажет болды. Барлығы алты тапсырма берілді. Бірінші турды оңай өткерсем, екінші турда біраз қиындықтар кездесті. Олимпиаданың тақырыбы – спорттық бағдарламалау болды, – дейді Әлішер Қазтаев.
Ол информатикадан түрлі республикалық және халықаралық жарыстың тұрақты қатысушысы. Оның жетістіктерінің қатарында Жәутіков және Еуразия олимпиадаларының күміс жүлделері мен информатикадан республикалық олимпиаданың алтыны бар.
Сонымен қатар, №1 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 11 сынып оқушылары Санжар Қалиақбар мен Саян Мәжит химия пәнінен күміс, ал осы лицейдің тағы бір оқушысы Айдар Дәрібай қола жүлдені иеленді.
Қарағандылық оқушылардың осындай жоғары көрсеткіштері олардың білімге деген ынта-жігерін және сапалы дайындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»