Қарағандылық оқушылар жарап тұр

Ташкентте өткен Халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында қарағандылық «Дарын» орта мектебінің 5-9 сынып оқушылары жүлдегер атанды. Зияткерлік жарысқа Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 120 оқушы қатысты.

Оқушылар ағылшын тілі, математика, өнер және мәдениет туралы білімдерін көрсетті. Қазылар алқасына Қазақстан, Англия, Германия, Франция, Болгария және Ресей халықаралық мектептерінің оқытушылары кірді.

– Балаларды олимпиадаға біздің мектептің мұғалімдері дайындады. Олар халықаралық білім сайысында жоғары білім деңгейін көрсетіп, жүлдегер атанды. Артур Абдрахманов, Мансұр Құлкенов және Алдияр Марат математикадан 3-орын иеленді, Айлин Талғат ағылшын тілінен 2-орын алды. Басқа оқушылар да алғысхаттармен марапатталды. Олимпиададан басқа еуропалық мектептердің, колледждер мен университеттердің тұсаукесерлері, Самарқандқа экскурсия өтті, – деді «Дарын» химия пәнінің мұғалімі және олимпиададағы қарағандылық қатысушылардың жетекшісі Салиман Шибаева.

Халықаралық олимпиаданы «Таланттар Альянсы» (Болгария), OXFORD International Educational Group (Ұлыбритания), Қазақстандағы World Music, LAL Language Centers (Ұлыбритания, АҚШ), Treehouse English School (Ұлыбритания, Италия), Genesis мектебі (Өзбекстан) бірлесе отырып ұйымдастырған.