Қарағандылық оқушылар әлемдік робототехника чемпионатына жолдама алды
Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының екі командасы First Robotics Almaty Tech Cup 2025 – Central Asia FIRST Championship халықаралық жарыстарында жеңіске жетіп, робототехника бойынша әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.
2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл чемпионатқа қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы жарысқа Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ және Сауд Арабиясынан келген үздік командалар бақ сынады. Турнир аясында Aspan Cyber Race, Aspan Drone Competition, Aspan Whoop Race және Aspan Drone Race сынды жарыстар ұйымдастырылды.
Қарағанды облысының «Мұрагер» мектебінен төрт команда су ресурстары мен су асты әлемін зерттеуге арналған FIRST LEGO League Challenge санатында бақ сынады. Олардың ішінде «M2T» командасы Autonomous Genius Award номинациясын жеңіп алса, «Rasslexx» командасы Гран-при иегері атанып, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
– Біздің команда инновациялық жоба әзірледі – адамның кеме бортынан құлауын бақылайтын GPS-трекер. Егер мұндай жағдай орын алса, құрылғы капитанға белгі беріп, нақты координаттарды көрсетеді. Сонымен қатар, камера арқылы оқиғаның қалай болғанын көруге мүмкіндік бар, – деді мектеп менторы Жанәділ Шәкәрім.
FIRST Tech Challenge категориясында өткен сайыста «Jeltoqsun» командасы Inspire Award және Winning Alliance Partner Award аталымында жеңіске жетіп, әлемдік додаға қатысу құқығына ие болды.
– Біздің команда барлық бағалау критерийі бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Роботтың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен дұрыс жазылған кодтар біздің басты артықшылығымыз болды. Робот карта бойымен жүріп, екі жарым минут ішінде 15 миссияны орындауы керек болды, бұл көрсеткіш бойынша үздік үштікке ендік, – деп атап өтті Жанәділ Шәкәрім.
Мектеп жоғары жетістіктері үшін Recognition Award аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, 11 сынып оқушылары Руслан Огай мен Алина Әнірова Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға төрт жылдық грант жеңіп алды. «Jeltoqsun» командасының капитаны Ақбар Ермеков АҚШ-тың беделді университеттерінің бірінде білім алу мүмкіндігіне ие болған 20 финалистің қатарына кірді.
– Мен робототехникалық жарыстарға 8 сыныптан бері қатысып келемін. Осы уақыт ішінде Алматы, Астана, АҚШ-тың Вустер қаласында өткен сайыстарда бақ сынадым. Барлық жарыста жоғары нәтижелер көрсетіп, болашақ мамандығымды анықтадым – ІТ саласында жұмыс істегім келеді, – деді Ақбар Ермеков.
– Біздің оқушылар тек мектептің ғана емес, бүкіл облыстың атын халықаралық деңгейде танытып отыр. Биылғы жарыстарға 3 мыңнан астам оқушы қатысты, – деп атап өтті «Мұрагер» мектебінің директоры Нұрғазы Өтебаев.
Қазақстандық оқушылар бұған дейін Женева (2022), Сингапур (2023) және Афина (2024) қалаларында өткен халықаралық жарыстарда әлем чемпионы атанған болатын. Енді олар өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеу үшін Хьюстондағы әлемдік додада бақ сынайды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»