Қарағандылық оқушылар көш басында

Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қарағандылық оқушылар бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Олар үш пәннен (математика, физика және информатика) өзара бақ сынасты.

Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ оқушысы Рамазан Пердебай күміс жүлде иеленді, ал сол мектептің оқушысы Әлішер Қазтаев пен №1 БИЛ өкілі Абзал Бекежан қола жүлдеге ие болды.

– Олимпиадаға екі оқушымызды жібердік, олар – математика, информатика және физика пәндерінің үздігі. Қазақстанда Рамазан өз пәнінен бесінші, ал Әлішер он бесінші орында. Бұл – лайықты көрсеткіш. Жазда республикалық олимпиада болады. Егер Әлішер жақсы нәтиже көрсетсе, республикалық құрамаға кіреді, – деді Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ информатика пәнінің мұғалімі Айдар Сейілханов.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті. Оған 26 елден 281 команда қатысты. Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Ұлыбритания, Ресей және т.б. елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептерінен 1200-ден астам оқушы арнайы келген.

– Мен мұндай олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Бірақ менің информатикадан басқа да халықаралық жарыстарға қатысқан тәжірибем бар. Менің жетістіктер қоржынымда Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының күміс медалі, Қазақстандық білім беру олимпиадасының күміс медалі және басқа да марапаттар бар, – деп бөлісті №1 БИЛ 10-сынып оқушысы Абзал Бекежан.

Зияткерлік жарыста біздің ел намысын 250 оқушыдан құралған 35 команда қорғады. Қазақстандық оқушылар 66 медаль жеңіп алды, оның ішінде 6 алтын, 20 күміс және 40 қола бар.

Олимпиада жүлдегерлері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттарын алды.

– Мұндай зияткерлік конкурстар балалардың білімін тереңдетіп қана қоймай, командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға үйретеді, – деп атап өтті РФММ басқарма төрағасы Руслан Қалиев.