Қарағандылық каратэшілер Жапонияда топ жарды

Сакура гүлдеген шақта Жапонияның Тояма қаласында киокушинкай каратэден «Toyama Open 2026» халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі додаға Жапония, Қазақстан, Ресей, Германия және Кореядан 450-ге жуық спортшы қатысты. Қарағанды облысының құрамасы ұлттық құраманың негізгі бөлігін құрап, жоғары нәтижемен елге оралды.

Қарағандылық 8 спортшы тартысты бәсекеде өз шеберлігін дәлелдеді. Әсіресе, 8 жастағы Әмір Темірбеков кумите және хард-поинт бағдарламалары бойынша екі алтын медаль жеңіп алып, ерекше көзге түсті.

«Жапонияға сапар мен үшін үлкен сынақ болды. Төрт жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны жартылай финал еді. Соңғы сәтте жылдамдықтың арқасында жеңісті жұлып алдым», – дейді Әмір Темірбеков.

Жас спортшы каратэге 4 жасынан бастап қатысып, бүгінде түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Қарағандыдағы беделді «Кеншілер астанасының кубогі» турнирінде чемпион атануы – соның дәлелі.

«Дайындығыма үлес қосқан жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Қазақстан құрамасына іріктеген ұстаздарыма да ризамын», – дейді Әмір Темірбеков.

Жаттықтырушы Никита Яковлевтің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өтіп, бәсекелестік өте мықты болған.

«Барлық спортшылар тыңғылықты дайындалған. Алда тағы да халықаралық жарыстар күтіп тұр, соған дайындықты бастап кеттік», – дейді Никита Яковлев.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 18 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 5 күміс, 6 қола. Оның ішінде қарағандылық спортшылар 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»