Қарағандылық боксшылар республикалық турнирде топ жарды
Астанада 3-6 наурыз аралығында Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтті. Бұл додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 11 команда, 140-қа жуық жас спортшы қатысты.
Жарыста Қарағанды құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жалпы есепте бірінші орынға ие болды. Команда құрамында бокс бойынша олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің 17 жас боксшысы бақ сынады. Олардың 14-і жүлделі орыннан көрінді. Қарағандылықтардың еншісінде 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль бар.
Айта кетейік, жеңімпаз спортшылар №76 Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепте дайындалады. Оларды Қайыржан Дүйсембеков, Асылжан Тілеужан, Әділхан Нұртазин және Майірхан Парахатов сынды білікті жаттықтырушылар баптайды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»