Қарағандылық бокс тарихында алғаш рет Аида Әбікеева әлем чемпионы атанды
Қарағандылық Аида Әбікеева Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Ол Қарағанды әйелдер боксы тарихында бірінші болып осы атаққа ие болды.
Сербияның Ниш қаласында бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы жарыста тамаша нәтиже көрсетті. Жалпы алғанда біздің спортшылар алты медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.
Қарағандылық Аида Әбікеева 63 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Ол барлық жекпе-жекте сенімді көш бастап, әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар, 48 кг салмақ дәрежесінде алматылық Назым Қызайбай (ол әйелдер мен ерлер арасында бокстан әлемнің жалғыз үш дүркін чемпионы атанды) және 50 кг салмақта Жамбыл облысының тумасы Алуа Балқыбекова алтын жеңіп алды.
Әлем біріншілігінің күмісі алматылық Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Талиповада (+ 81 кг), қола жүлдесі петропавлдық Наталья Богдановада (70 кг).
– Біздің қыздарымыздың көрсеткен нәтижесі үмітімізді ақтады: үш алтын, екі күміс және бір қола. Аида Әбікеева – қарағандылық бокс тарихындағы әлем чемпионы атанған алғашқы қыз. Ол өз есімін бокс тарихына енгізді. Аида қазір өз мүмкіндіктерінің шыңында. Қыздарымызды алда әлі де көптеген жарыстар күтіп тұр, – дейді Қарағанды облыстық бокс федерациясының персонал және жалпы мәселелер жөніндегі бас менеджері Айгүл Байманова.
Өткен чемпионат қазақстандықтар үшін соңғы жылдардағы ең табысты чемпионат болды. 2019 жылдан бастап біздің құрама жалпыкомандалық есепте 7 орыннан жоғары көтерілмеген еді.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты негізінде