Қарағандыдан мәйіттік донор табылмайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығы бойынша, донорлық органмен әр ел өз азаматтарын өзі қамтамасыз етуі керек. Ал Қазақстан бойынша бүйрек, жүрек, бауыр ауыстыруға мұқтаж 3 500 адам бар. Қарағанды облысы болса — бұл тұрғыда аутсайдер. Соңғы 10 жылда біздің облыстан бірде-бір мәйіттік донация болмаған. Ал ел бойынша жыл өткен сайын өзге бір адамның мүшесіне мұқтаждықпен сырқаттанушылар саны артуда. Өзекті мәселенің өмірлік бағасын байыптау үшін қаламызға елордалық білікті мамандар арнайы келіп, дәрігерлерге ағза ауыстыру туралы тренинг өткізді.

Қаламыздағы Х. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында Қазақстандағы ағза донорлығы мен трансплантациясы бойынша тренинг- конференция өтті. Оқытуды Нұр- Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының білікті дәрігерлері жүргізді. Басты мәселе — мәйіттік донор ұғымын қоғамның қабылдамауы. Оның дәлелі — 10 жылда Қарағанды облысынан бірде-бір донациялық мүшенің шықпауы.

Жалпы, Қазақстанда трансплантология қызметі 1979 жылдан қолға алынған. Бүгінде 6 ірі орталық бар. Ел бойынша 3 500 адам транслантологияға мұқтаждар қатарында болса, соның жүзден астамы — бала. Ағзалық зәрулікке тап болған балаларды бұрындары шетелдерде емге қабылдайтын. Ал пандемиядан кейін сырт елдерде мұндай сырқат балаларды қабылдау тоқтатылды. Мұны, әрине, дәрігерлер үшін де, науқас бүлдіршіндердің ата-анасы үшін де трагедия деуге болады. Дегенмен бұл жерде трансплантациялық шешім бар. Алайда марқұм болған жандардан донорлық азға алу мәселесі өзекті болып қала беруде. Пациенттердің көбісіне өткір бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған. Сол себепті облысымызда диализ орталықтары көбеюде. Мәселен, мұндай негіздегі мекемелер Саран, Теміртау, Жаңаарқа, Жезқазған, Абай, Балқаш және Шахтинск қаласында бар. Айта кету керек, орталық науқастардың қан құрамын жаңартып отырады. Бұл өз кезегінде ем алу жолдарын жеңілдетпек.

Нұр- Сұлтан қаласындағы трансплантация жөніндегі үйлестіруші Сәуле Шайсұлтанова бізде мәйіттік донация жайлы қоғам көзқарасы дұрыс қалыптасса, біраз науқасты ажалдан аман алып қалуға болатынына сенімді.

— Негізі, ем алушылар өте көп. Мәселен, мен ай сайын есеп тапсырамын. Науқастар саны артқанын аңғарамын. Бұл жерде мәйіттік донация өте маңызды. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, 2012 жылдан бері мұндай күрделі мүше алмастыру операциясы бізде Қазақстанның өзінде жасалады. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында. Бұл науқастарға басты проблема — донорлық тапшылық. Тірі адам донор болуға келісе бермесі анық. Бауыры, туғаны үшін келісіп, бір бүйрегін берген күннің өзінде емделушінің ағзасы ол бүйректі қабылдауы — басты міндет. Сондықтан бізде мәйіттік донор проблемасы — өткір мәселе. Бізде халықтың ұғымы бұл тұрғыдан өте кереғар. Еуропада мәйіттік донация қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Ал бізде, Қазақстанда, марқұм болған адамның дене мүшесін алу және сол арқылы өзге біреуге өмір сыйлау деген ұғым қалыптаспай отыр. Мен өлім аузында жатқан адамның туыстарымен сөйлесіп, «сіздің туысыңыз о дүниелік болған күннің өзінде өзге біреуді құтқарып қалуға болады» деп түсіндірем. Алайда мәйіттен бүйрек, өзге де дене мүшесін алуға жақындары келісе бермейді. Керісінше біздерді айыптап, жауапкершілікке тартып жатады.

Ал гемодиализге тап болған адам өмір бойы аппаратқа тәуелді. Аптаның үш күнінде ауруханада жатып қан айналдырып, бүйрек жетіспеушілігін реттеп отыруға мәжбүр. Мұндағы әр ем алушының өзіндік өмір тарихы бар. Олардың әрбірі донор табу бақыты бұйырар деген үлкен үмітпен жүр. Жақындарының жанында болу, гемодиализдік тәуелділіктен құтылу — басты армандары. Дәрігерлердің сөзінше, трансплантологияда ең жиі ұшырасатын ота түрі — бүйрек ауыстыру. Осындай отасыз айықпас дертке шалдыққандардың бірі — Қаппаров Медет. Бір жарым жыл бойы үмітпен кезек күтіп, қан айналдыру құрылғысына тәуелді болған ол ақыры елден емнің табылмасын ұғынып, Түркия елінде бүйрек трансплантациясын жасатқан. Науқас үшін әкесі бір бүйрегін беріп донор болған.

— Содан бері арада бес ай өтті, — дейді бүгінде бейімдеуден өтіп жатқан Медет. — Мен бүйрек тапшылығы сырқатына коронавирустан кейін тап болдым. Осыдан соң әкем маған бір бүйрегін беретін болып, біз Стамбулға бардық. Ол жақта ота оңтайлы жасалып, бүгінде гемодиализден құтылдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Әкемнің де халі жақсы. Бір айта кетерлігі — гемодиализ емдемейді, тек қолдаушы құрылғы ғана. Сондықтан мұндай қиындықтан құтылуды арман еткен талай науқас бар. Донорлық тапшылық салдарынан көз алдымда жүріп көз жұмған жандарды да білем.

Бүйрек тапшылығы сырқаты жас талғамайды. Сондықтан ем алушы науқастардың қатарында жастар да, егде жастағы адамдар да, балалар да бар.

— Бүйрек пен бауырға мұқтаж жандар туыстық донорлықты қолдана алады. Ал жүрек пен өкпені ауыстыру үшін науқас мәйіттік мүше күтуге мәжбүр. Жалпы, Қазақстан бойынша 86 адамның жүрегі, 15 адамның өкпесі алмастырылды. Донор табу жеңіл болса, жүздеген қолдау орталығы ашылмас еді, — дейді Қарағандыдағы гемодиализ бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Салтанат Сариева. — Бір қынжылтары — Қарағанды облысынан мәйіттік донордың шықпауы. Әлемдік тәжірибені біздің халық ұғынып, бізде де сондай жағдай жасалар деген үміттеміз. Науқастардың жанайқайы адамдардың түсінігін өзгертсе деген арман бар. Барлық науқаста үлкен үміт бар. Гемодиализге таңылып жылдар бойы донор күтетіндер қаншама. Түсінем, науқастар ұзақ өмір сүруді қалайды. Дегенмен бүйрегін берген күннің өзінде тірі донордың да денсаулығын ойлауымыз керек. Он жылдан кейін оның өзінде қалған жалғыз бүйрегі ауырмасына кім кепіл? Сондықтан бұл жағдайда мәйіттің бүйрегін донорлық мүше ету проблеманың шешімі болар еді.

Донорға аса мұқтаж жандардың қайсыбірі мәйіттік донорды шетелден тауып, сырт елде ота жасатып жатады. Бірақ ол қыруар қаржылық шығынды талап етеді. Ал бізде бәрі тегін. Тек донор тапшы. Науқастардың пайымдауынша, Қазақстанда трансплантология туралы ақпараттандыру аз, сол себепті донор табу қиынға соғады. Елордадан келген дәрігерлердің де мақсаты — осы. Тренинг барысында дәрігерлер отаға қатысты заң нормативтік актілерін таныстырып, донорлыққа келісім берер жандарды психологиялық тұрғыда даярлаудың оңтайлы тәжірбие болатынына баса назар аударды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»