Қарағандыда ЖОО мен колледждер кадр даярлау бағытында күш біріктіруде

Қарағанды индустриялық университеті мен Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз етіп, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бұл бастама өзекті болып отыр.

Екі оқу орнының басшылары ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

– ҚарИУ-мен әріптестік байланыс орнату біздің оқу орнымыз үшін жаңа перспективаларға жол ашады, – деді Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Мәди Төлеуғазы. – Біз университеттің тәжірибелі оқытушыларының қатысуымен дәрістер, семинарлар мен пікірталас алаңдарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ҚарИУ кафедралары біздің түлектерге кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізетін болады.

Университетте студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған: заманауи инфрақұрылым, зертханалар, электронды ресурстар және жоғары білікті оқытушылар құрамы бар. Олардың қатарында мемлекеттік марапаттардың иегерлері мен беделді ғылыми атақ иелері де бар. Мұның бәрі түлектердің қазіргі еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін жоғары деңгейдегі маман болып қалыптасуына ықпал етеді.

– Бұл келісім білім сапасын арттыруға, жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты қанағаттандыруға және түлектердің кәсіби құзыреттілігін көтеруге бағытталған. Бұл өз кезегінде олардың болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына оң әсер етеді, – деді ҚарИУ ректоры Бақыт Жәутіков.

Сонымен қатар, тараптар білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүдделі. Бұл студенттерге теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, еңбек нарығының талаптарына икемді бейімделуге көмектеседі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»