Қарағандыда «Жасыл ел» ЖЕЖ жаңа маусымы басталды

3 маусымда Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ еңбек маусымы басталды. Биыл олардың саны бұрынғыдан екі есе көп (екі мың адам).

– Биылғы маусым – мерейтойлық жиырмасыншы маусым. Биылғы жылы әкімдіктің қолдауы арқасында жауынгерлер қатары екі есе өсті, яғни былтыр 1000 адам болса, биыл 2000-ға жетті. Саябақтар мен гүлзарларға білім беру ұйымдарының аумақтары қосылды. Бізге 65 оқу орны өтінім берді. Жалақы ең төменгі жалақыға байланысты бекітілді, сонымен қатар ол жұмыс істеген сағаттар санына байланысты есептеледі. 14 жастан 16 жасқа дейінгі жауынгерлер төрт сағаттық жұмыспен қамтылған жағдайда айына 85 мың теңге алады. Ал 16 жастан 35 жасқа дейін айына 127 500 теңге табуға болады. Барлық жауынгер бірыңғай киім үлгісімен қамтылды және басы бүтін беріледі. Бір бөлігін қаладан, бір бөлігін облыстан тіктік. Қала пішініне назар аударсаңыз, Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойының белгісін көруге болады. Бүгін – жұмыстың бірінші күні. Жастарға таныстыру жұмыстары, нұсқаулықтар, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Еңбекке қатысты балаларға ауыр жұмыстарды, сондай-ақ тескіш және кескіш құралдармен байланысты нәрселерді жасауға болмайды. Біз балалар қауіпсіздігін бірінші орынға қоямыз. Атқарылатын жұмыстар әдеттегідей: гүл егу, жасыл желектерді күту, аумақтарды тазарту және т.б. Бірлескен шараларға да (ойындар, команда құру) уақыт болады, осылайша жастар бір-бірімен жақсы таныса алады, – деп түсіндірді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов.

«Жасыл ел» еңбек маусымы 31 тамызға дейін жалғасады. Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен айналыса отырып өскелең ұрпақ отбасы бюджетін толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймайды, сонымен бірге әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдыларын меңгереді және қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениетін дамытады.

– «Жасыл елге» жұмысқа қабылдау туралы таныстарымнан білдім. Бұл жобаға алғаш рет қатысып отырмын. Жұмысқа дайынмын. Біздің не істейтініміз түсіндірілді. Бұл – өз бетінше ақша табуға және жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік, – дейді 14 жастағы Бесмил Мухамад.

16 жастағы Баршын Ардақова жасаққа не үшін жазылғанын жеткізді.

– Бірінші рет қатысып тұрмын. Негізі, алдыңғы жылы естігем бұл жоба туралы, бірақ құжат тапсырып үлгермедім. Биыл үлгердім, міне, жұмысқа кіріскелі жатырмыз. Бұл жобадан мен жаңа таныстар күтем, жаңа естеліктер мен тәжірибе күтем. Менің ойымша, мұндай жобалар жастар үшін маңызды, өйткені біз жақсы нәрсе үйреніп, қаламызға пайда тигіземіз. Жалақымды оқуға жұмсаймын, келесі жылы ҰБТ-ға дайындалу үшін «140» деген курсқа ақша жинап жатырмын, – дейді №41 мектеп-гимназияның оқушысы Баршын Ардақова.

Осы аптада «Жасыл ел» облыстың барлық қаласы мен аудандарында басталады. Жұмыс маусымының ресми ашылу салтанаты 7 маусым күні сағат 17:00-де Орталық саябақта жұлдыздардың қатысуымен өтеді.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»