Қарағандыдағы «Ten Qogam» әлеуметтік орталығы қызметін қайта жандандырды
Қысқа үзілістен кейін «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік бейімделу орталығы қайта жұмыс істей бастады. Әлеуметтік тапсырыс тағы да «Qamqor Plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне берілді, бұл алдағы үш жыл бойы мүмкіндігі шектеулі жандардың тегін көмек ала алатынын білдіреді.
Орталықтың басты мақсаты – Қарағанды қаласында тұратын 18 жастан асқан мүгедектерге ақпараттық және ресурстық қолдау көрсету. Үш жыл бойы орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам мен еңбек ортасына кірігуіне ықпал етіп келеді. Қызмет бірнеше бағытты қамтиды: жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және психологиялық қолдау, заң көмегі.
– Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді, – дейді орталық басшысы Нияз Сүндеталиев. – Мұнда келген адам өзінің мәселесін шешудің жолдарын таба алады. Біз жұмыспен қамту бөлімдерімен, қалалық және облыстық әкімдіктермен, Еңбек ұтқырлығы орталығымен тікелей өзара іс-қимыл жасаймыз.
Мүгедектігі бар адамдар үшін түрлі мәселе бойынша қолдау көрсететін бірыңғай кеңістік құру идеясы олардың өмірін жеңілдету мақсатында пайда болды. Өзі де осы санатқа жататын Нияз Сүндетәлиев мүгедектер үшін «қолжетімді» орта әлі де толық қамтамасыз етілмегенін атап өтті.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары мұндай қоғамдық бірлестіктің мүгедектігі бар адамдармен тиімді байланыс орната алатынын айтады.
– Бұл жоба мемлекеттік органдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұраныстарын біріктіретін және мәселелерді жылдам шешуге көмектесетін көпір іспеттес, – дейді Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова. – Болашақта бұл бастама одан әрі дамып, жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенеміз.
Орталық қызметінің маңызды бөлігі – психологиялық көмек көрсету. Психолог жеке кездесулер өткізіп, қатысушыларға олардың мықты тұстарын анықтауға, мансаптық жоспар құруға және жаңа жұмысқа орналасуға байланысты кедергілерді еңсеруге көмектеседі.
Ашылу күнінде орталыққа кеңес алуға келгендерге арнайы психологиялық тренинг ұйымдастырылды.
– Бізге ең алдымен қарым-қатынас қажет. Көптеген адам үйден шықпай, қоғамнан оқшауланып қалады, – дейді қарағандылық Меруерт Смағұлова. – Бұрын қалыпты өмір сүріп, жұмыс істегенмін. Қазір де еңбекке араласқым келеді, сондықтан осы орталықтан көмек сұрап келдім.
«Ten Qogam» тәжірибесіне сүйене отырып, Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарында осындай орталықтар ашу жоспарлануда.
«Ten Qogam» әлеуметтік бейімделу орталығы Қарағанды қаласы, Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы ғимараты, Тәттімбет көшесі, 709, 5 кеңсе мекенжайында орналасқан.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»