Қарағандыда шеберлердің көрме-жәрмеңкесі өтті

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Қолөнер – рухани жан серігің» атты көрме-жәрмеңке өтті. Үш күндік жәрмеңкеге облыс орталығынан, Шет, Осакаровка, Абай және Қарқаралы аудандарынан барлығы 22 шебер қатысып, өнімдерін қарағандылықтар назарына ұсынды.

Мұнда шеберлер өз қолдарынан шыққан этностильдегі киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды сата алады.

Облыстық музейде атап өткендей, көрме-жәрмеңкенің мақсаты – Қарағанды облысының қолөнершілерін қолдау, қазақтың ұлттық, рухани мәдениетін, қолөнерін насихаттау.

Көрмеге келушілер қолөнер бұйымдарын көріп қана қоймай, өзіне ұнаған заттарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

– Мұндай көрме-жәрмеңкені алғаш рет ұйымдастырдық. Биыл Наурызды қалай тойлаймыз деген сұрақ туындағанда, қаламыздағы «Жәдігер» атты қоғамдық қормен бірлесе осылай жасасақ қалай болады деген ой келді. Содан бірден іске кірісіп кеттік, барлық шеберге сол қоғамдық қор хабарлама жіберді. Қолөнершілердің біразы бізді қолдағанына, келіп көрме-жәрмеңкемізге қатысып жатқанына қуаныштымыз. Бұл көрме-сатылым болғандықтан, келушілер аксессуарлар, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттарды сатып алып жатыр. Басты мақсатымыз – облысымыздың шеберлерін жұртшылыққа таныстыру, оларды насихаттау. Сондай-ақ мұражайда Наурыз қарсаңында музей қорынан көрме жұмыс істеп тұр. Онда 40-тан астам экспонат, оның ішінде безендірілген киіз үй бар. Сонымен қатар «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырып, қамшы өруден мастер-класс өткіздік. Оны Үштөбеден келген қолөнерші Жасұлан Кауапов жүргізді, – дейді музей директорының орынбасары және көрме-жәрмеңкенің кураторы Мейрамгүл Елубаева.

Қарағандылық Гүлнәр Мизамхан Орталық полиция бөлімшесінде қызметкер болып қызмет етеді, алайда бос уақытында бала күнгі хоббиі – кесте тігумен айналысады екен.

– Барлығын үйде отырып жасаймын, бұл – менің хоббиім. Бала кезімнен, төртінші сыныптан бастап кесте тігіп келемін. Әжем текемет, сырмақ тігумен айналысқан, анам кестемен айналысады, негізі, өзі – дәрігер. Бірақ бос уақытында үнемі кесте тігетін, сол кісіге қарап ес білгелі менің де қызығушылығым оянып, тіге бастадым. Кесте тігу, тоқыма тоқу, ши тоқу, сырмақ, текемет тігу – осының барлығын бойыма анам мен әжемнен сіңірдім. Шынын айту керек, қалаға келгенде кестені тастап кеттім, бірақ осыдан бір жыл бұрын «Қарағанды қолөнершілері» деген бірлестік тобына қосылғаннан бері қайта қолға алдым. Мен жастық, сөмке, шоппер, желетке – барлығын кестелеп тігем, құрақты сөмкелер де бар. Бір сөмкені бір күнде тіге алам. Түске дейін жұмыстамын, түстен кейін қолым босағанда тігінмен айналысамын. Негізі, Орталық полиция бөлімшесінде қызметкер болып жұмыс істеймін. Ең көп уақыт кететіні – бізкесте, басқасын бір-екі күнде бітіруге болады. Жалғыз өзім тігем. «Қарағанды қолөнершілері» бірлестігінің шеберлері бейсенбі сайын аптасына бір рет мектептерге барып шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз. Қай жер шақырады, сонда барып шеберлік сабақтарын өткіземіз. Осы көрме-жәрмеңкеге әр түрлі тігістегі, әр түрлі бағыттағы өнімдерімді алып келдім, – деп бөлісті қала тұрғыны Гүлнәр Мизамхан.

Жәрмеңкеде Гүлжан Әбдіқашеваның керамикадан жасалған әсем бұйымдары көз тартпай қоймайды. Ол түрік өнер мектебінде үздік шеберлерден білім алған, қолөнермен сегіз жылдан бері айналысады.

– Түркиядағы үлкен базарда керамика өнімдерін көріп қатты ұнаттым. Мен онда 8 жыл тұрып, ересек шеберлерге арналған өнер мектебінде осы бағытта білім алдым. Ыдыстарды түрік технологиясымен, бірақ қазақ стилінде жасаймын. Қазір жергілікті дала сазын және түрік материалдарын қолданамын. Менің өнімдерім екі рет өңделеді, барлық норманы сақтаймын. Өнімдер өте берік және экологиялық таза. Мен ыдыс-аяқтан басқа сырға, сақина, алқа, білезік, моншақ тәрізді зергерлік бұйымдар жасаймын. Қазақ ою-өрнегі шексіз. Осындай жұмысыммен бүкіл Түркияны араладым, халықаралық фестивальдарға қатыстым, сонымен қатар өнімдерім Франция мен Люксембургте болды. Керамикаға сұраныс бар, бұл бағытты дамыту қажет, – деп есептейді Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Гүлжан Әбдіқашева.

Көрме-жәрмеңке қорытындысы жөніндегі музей ақпаратына сүйенсек, демалыс күндеріне қарамастан келушілер көп болған екен. Біраз өнім сатқан шеберлер де дән риза. Тіпті олар тағы да осындай жәрмеңке болса деген тілек білдірген екен. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі бұл жағын болашақта арнайы қарастырмақ.

 

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»