Қарағандыда мамыр айында жол жөндеу жұмыстары басталады

Қыстан соң көктем келіп, қар ери бастағалы, қала ішінде жүру қиындай түскенін айтады жүргізушілер. Бұған себеп – қыстан соң жолдардағы ойық-шұңқырлардың ашылуы, соның салдарынан көлік иелері зардап шегуде. Күн жылығаннан бері әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қалаішілік жолдарға қатысты шағым жиілеп кетті. Қала тұрғындарының шағымдарын назарға алып, Қарағандыда биыл қандай жолдар жөнделеді, жұмыстарға қанша қаржы бөлінді, жұмыстар қашан басталады деген сауалмен қала әкімдігіне жүгінген едік. Журналистердің сауалдарына «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары Григорий Бонтарь жауап берді.

Сонымен, жол жөндеу мәселесіне қатысты биылғы жоспар қандай? Григорий Бонтарь мырзаның сөзінше, бүгінде барлық қаржыландыру көзінен күрделі, орташа жөндеу, жол құрылысы мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына шамамен 13 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда қалада жолдардың ойық-шұңқыр жерлерін тегістеу жұмыстары жүріп жатыр екен, ал нақты жөндеу жұмыстары мамыр айында басталмақ.

– Биыл біз ағымдағы күрделі жөндеу жобаларын жүзеге асыруды бастаймыз. Олар – Пичугин, Новоселов көшесі. Бұл проблемалық учаске болатын, ағымдағы жылы осы жолды толығымен аяқтап, жарық бағандарын орнатып тапсыратын боламыз. Сондай-ақ Чешск көшесінің бойында күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз, ол – Федоров жол қиылысынан Волочаев көшесіндегі айналма жолға дейінгі аралық. Бұл жолда да жарық бағандарын орнатып тапсыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз. Өткен жылы Ғарышкерлер көшесіндегі нысанды бастаған едік, биыл сол нысанды аяқтау жоспарда бар. Бөкетов көшесін салу жобасын да толық жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз, ол жерде екі учаске бар: Б.Момышұлы көшесінен Бөкетов көшесіне дейін және Бөкетовтен Үштөбеге баратын жолға дейін, – деп атап өтті Григорий Бонтарь.

Жоғарыда айтылған жол учаскелері – күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде жобалық бөлікке кіргендері. Ал орташа жөндеу жұмыстарына келер болсақ, биыл қалада орташа жол жөндеуде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылмақ екен. Биыл 113 шақырымға жуық жол орташа жөндеуден өтеді. Орта деңгейлі жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігін жеке сектордағы қара жолдарды асфальтты жолға ауыстыру құрайды.

– Бұл – біздің жеке сектордың тұтас бөлігі, 10 шақырымдай жол. Атап айтсақ: Сұрыптау, Майқұдық, Михайловка, Үлкен Михайловка және Күнгей мен Таугүл шағынаудандарының жеке секторлары. Мұнан бөлек орталық жолдарда бірқатар жұмыс жоспарланған. Назарбаев даңғылында биыл жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз, өйткені бұл жол 10 жылдан астам жөндеу көрмеген. Назарбаев даңғылынан басқа ірі нысандарымыздың қатарында бүгінде жолдың проблемалы учаскесіне айналған С.Сейфуллин көшесі де бар. Сондай-ақ Аманжолов көшесі, Ғазалиев көшесі, Бұқар жырау даңғылының Н.Әбдіровтен Назарбаев даңғылына дейінгі аралығы, Бұқар жырау учаскесінің Чкалов көшесінен Жаңақала көшесіне дейінгі аралығы. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстар қатарында Ескі әуежай, бұл учаске ел арасында «взлетка» деп аталып кеткен, яғни Б.Момышұлы көшесіндегі Республика даңғылынан Тәттімбет көшесіне дейінгі аралығы бар. Және Кеншілер даңғылының Республика даңғылынан Құрылысшылар даңғылына дейінгі бөлігі де бар. Бүгінде ведомстволық сараптамадан өтіп, бірқатар жобаға конкурс жарияладық, мамыр айының басында толық құрылыс маусымын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді спикер.

«Өткен жылы жөнделген жолдарда табылған ақаулар бар ма, жол сапасын кімдер бақылауда?» деген сұрағымызға Қарағанды қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы былай деп жауап берді:

– Бүгінде өткен жылдардағы кепілдік мерзімі бар нысандарды жүргізген мердігер ұйым, полиция, техникалық қадағалау бөлімдері, тапсырыс беруші жақтың өкілдерінің қатысуымен бірлескен кепілдік қызмет бойынша ақауларды анықтау мақсатында көктемгі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеріс барысында Кеншілер даңғылында 150 шаршы метрге жуық үстіңгі қабаттың бұзылуы тәрізді ақаулар анықталды. Майқұдықта Қазақстанның 50 жылдығы көшесінде де ақауларды анықтадық, онда да үстіңгі қабаттың бұзылуы бар. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 10-ға жуық тексеру жүргіздік, кепілдендірілген 120 нысанның 10-ында ғана ақау анықталды. Ауа райы қолайлы болған сәтте мердігерлер кепілдік мерзімі бойынша жұмыс бастайды. Яғни мердігерлер өз қаражаты есебінен асфальт-бетон жабынының үстіңгі қабатын толығымен ауыстырады. Еске сала кетсек, орташа жөндеуге кепілдік мерзімі 3 жыл, күрделі жөндеуге және жол құрылысына 5 жыл.

Жекелеген көшелердегі жол жөндеу жұмыстарына тоқтала кетсек. Биыл Ғарышкерлер көшесі бойынша Гоголь көшесінен Ескі әуежайға дейінгі аралықта күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылған екен.

Тағы бір бағыттардың бірі 49-учаске – Костенко кеніші соңғы рет 2015 жылы орташа жөндеуден өткен екен. Биыл ол ірі жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр, ол жерде шамамен 7 шақырымдай жол бар. Биылғы бағдарламаға орай ол жерде асфальт ауыстырылады.

Попов көшесі жоспарлы жол жөндеу бағдарламасына енгізілген, ол жолға асфальт-бетон төселіп, шұңқыр бар жерлері жөнделеді.

Қазақстан көшесіне келер болсақ, спикердің сөзінше, бұл – шынымен проблемалы аймақ. Бұл көше 2020 жылы жөнделген, алайда бір жыл өтпей ақаулар пайда болған. Кепілдік мерзімге сай мердігер «Сапажол» компаниясы сот шешімімен ақауларды жөндеуге міндеттелген, алайда мамыр айында басталуы тиіс жұмыстар тек қазан айында қолға алына бастапты. Бүгінде сот шешімімен кепілдік мерзімі тағы екі жылға ұзартылып, мердігер өз қаражаты есебінен бұл ақауды жоюға міндеттелген.

– Биыл орташа жөндеу бағдарламасына жататын учаскелеріміздің көпшілігі – 10 жылдан астам жөндеу көрмеген жолдар. Мысалы, С.Сейфуллин көшесінің проблемалық учаскелерін алайық, ол 10 жылдан астам уақыт бұрын күрделі жөндеуден өткен. Оның қызмет мерзімі аяқталды, биыл оның уақыты келді. Абай көшесі соңғы рет 2016 жылы жөнделген, жолдың қызмет ету мерзімі 5 жыл, бүгінде бұл учаскеге 8 жылдай уақыт өтті. Бұқар жырау даңғылын да алыңыз, биыл қалған бөлігін жөндегіміз келеді, оның да салынғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Аманжолов көшесі, бұрынғы Кривогуз, оған да 10 жылдан асты. Біз бұл жерлерді жөндеуге біртіндеп көшіп жатырмыз. Үштөбе бағытындағы жол жайлы айтар болсақ, ол бұрын облысқа тиесілі еді, былтыр бұл жол бізге берілді, балансқа алып, биыл орташа жөндеумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал жолдардағы ойық пен шұңқырларға келер болсақ, биыл бүкіл қала көлемінде мұндай учаскелер жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта бізде шамамен 85 шақырым шұңқырды жөндеу жұмыстары бар, әдетте мұндай ойықтар кепілдікке жатпайды. Шұңқырлары жөнделетін жерлер анықталған. Бүгінде қалада шұңқырларды үш бригада жөндеп жатыр: біреуі қалада, бірі Оңтүстік-Шығыста болса, тағы біреуі Ә.Бөкейхан ауданында. Бүгінде біз суық асфальт технологиясымен жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыстар басталған, тіпті кейбір учаскеде аяқталды. Өткен жылдармен салыстырғанда қарқын айтарлықтай ілгерілеуде, себебі жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі қазір жеке секторға, яғни ешқашан асфальт төселмеген жерлерге бағытталып отыр. Біз енді көшелерді ғана емес, аудандарда толығымен жөндеу жұмыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Биылғы бөлінген қаражат көлемі де бұрынғыдан көбірек, – деп қорытындылады Григорий Бонтарь.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»