ҚАРАҒАНДЫДА «ЕЙ, ТӘКӘППАР ДҮНИЕ! МАҒАН ДА БІР ҚАРАШЫ…» МҮШӘЙРАСЫ ӨТЕДІ

Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ей, тәкәппар дүние! Маған да бір қарашы» атты облыстық мүшәйра өтпек. Жыр бәйгесінің бас демеушісі – ҚР Білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының және Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік» алтын медалінің иегері Алтынбеков Бекзат Қомарұлы.

Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен және Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіның ұйымдастыруымен өткізілетін байқауға облысымызда тұратын 15-25 жас аралығындағы жас талапкер ақындар қатыса алады. Қатысушылар Қасым туралы, туған жер туралы және еркін тақырыпта – барлығы үш өлең ұсынуға міндетті. Өлеңдер үш-төрт шумақтан кем болмауы керектігін ескере кеткен жөн. Оған қоса, жинақтарда, басылымдарда, сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған, басқа байқауларға ұсынылған туындылар қабылданбайды екен.
Жас ақындар додасы маусымның он бесінде сағат 10:00-де басталады. Ал, жеңімпаздары жариялау рәсімі сол күні сағат 14:00-де онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы өтеді. Өтінім маусымның 8-іне дейін қабылданады. Барлық шығармалар алдын ала ақын-жазушылар, ғалымдар, оқу саласы ұстаздарынан құрылған қазылар алқасының талқылауынан өтіп, іріктеледі.
Үміткерлердің шығармаларын бағалау кезінде өлең тақырыбының байқау мақсатына сәйкестігіне, туындының идеялық мазмұнына, көркемдік сапасына, қатысушының мәнерлеп оқу шеберлігі, сахна мәдениеті, сөз саптау мәнері, стильдік ерекшелігіне баса назар аударылады. Осы талаптарға сай іріктелген қатысушылар жүлделі орындармен марапатталады. Жүзден жүйрік шығып, бірінші орынға ие болатын ақынға жүз мың теңге, екінші орын иегеріне алпыс мың теңге, үшінші орынды қанжыламақшы қос ақынға отыз бес мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталады.
«Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы» мүшәйрасына республикалық, облыстық байқауда жүлделі орынға ие болған жеңімпаздар құрметті қонақ ретінде қатысады.
Мүшәйраға қатысушы үміткерлер ұйымдастырушылар ұсынатын арнайы қалыпта өтінім толтырып, жеке куәлігінің көшірмесімен бірге Iibrary_auezov@bk.ru поштасына жіберу қажет.
Өнер жанашыры Бекзат Қомарұлының қолдауымен аталмыш кітапханада бұған дейін де бірнеше әдеби байқау, іс-шара өткізілген болатын. Биылғы жылғы ақын мерейтойына арналған бұл шара да кітапсүйер қауым үшін шын мереке болатыны анық.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»