Қарағандыда биыл 28 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді

Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қала көркін ретке келтіруді тапсырды. Яғни сенбіліктер кестесін әзірлеу, жекеменшік иелеріне үйлердің қасбеттерін лайықты күйге келтіру, субұрқақтарды жөндеу, саябақтарды дайындау, көшелерді тазалау және тағы да басқалары.

Ең бастысы, облыс әкімі Қарағанды облысының көлік басқармасына қаладағы жолдарды жөндеуді, сонымен қатар жұмыстың сапасы мен мерзімдерін қатаң бақылауды тапсырды. Жол жұмыстары осы айда басталады.

Әкім қала жолдарының жағдайы қарағандылықтар тарапынан көптеген шағым тудыратынын мойындады. Биыл Қарағандыда 28,3 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жалпы ұзындығы 26 шақырым болатын 24 жол учаскесі орташа жөндеуден өтеді.

Қала тұрғындары жолдың тек белгіленген бөлігі ғана жөнделуін ұнатпайды. Көлік жүргізушілердің айтуынша, жол фирмалары көбіне қаланың барлық жерінде қолдан ойылып жасалған шаршы шұңқырларды жаз соңында ғана тегістейді. Сондықтан қарағандылықтар әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жол жөндеу жұмыстарының сапасына мән беруді сұрауда.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»