Қарағандыда балабақшаға кезекке тұру қызметі уақытша қолжетімсіз
Қалалық білім бөлімінен хабарланғандай, 12 сәуірде Қарағандыда INDIGO жүйесінің кезектерін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Бірыңғай кезек жүйесіне ауыстыру басталды. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың жаңа ережелеріне көшумен байланысты. Техникалық жұмыстар шамамен екі аптаға созылады. Осы уақыт ішінде мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін кезекке тұру және жолдама алу қызметтері бұғатталады.
Жаңа ережелердің ең басты және маңызды айырмашылығы – ендігі кезекте мектепке дейінгі әрбір ұйымға кезек жеке құрылады. Егер бұрын ата-аналар балабақшаны жолдама алған уақытта таңдаған болса, енді кезекке тұрғанда (бала туылғанда) балабақшаны бірден таңдауы қажет. Ал жаңа ереже бойынша кезектерді іске қосу үшін Бірыңғай кезек жүйесіне ата-аналар қалаған балабақшалар туралы ақпарат қажет. Қазіргі кезекте мұндай ақпарат жоқ. Сондықтан пайдаланушылар жеке кабинетінде «Сауалнама» бөлімін тауып, оны толтыруы керек. Сауалнамада тілі мен балабақша туралы мәлімет көрсетіледі.
Жұмыс режимі ауысқанда, INDIGO жүйесі келесі әрекеттерді орындайды:⠀
1) кезектегілер тізімін Бірыңғай кезекпен синхрондайды;
2) толтырылған сауалнамалар жөнінде ақпарат жібереді.
– Егер ауысу кезінде пайдаланушы сауалнаманы толтырмаса, онда өтінім кезектен шығарылмайды, бірақ тоқтату тізіміне өтеді. Бірақ жүйеде «Жас бойынша тоқтату» деген батырма пайда болды. Ата-аналардың жеке кабинетінде «Өтінімді кезекке қайтару» түймесі болады. Ата-ана сауалнаманы осы түймені басу арқылы толтырады. Яғни егер ата-аналар оны әлі толтырмаған болса, бұл процедураны екі аптадан кейін аяқтай алады және өтініш кезекке қайтарылады, – деп түсіндірді Қалалық білім бөлімінен.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»