Қарағандыда Қасымның муралы жоқ

Кеншілер шаһарында кескіндеме өнерінің «Мурал» деген түрі сәнге айналып келеді. Соңғы бір-екі жылда қаламыздағы сұрқай да, сұрғылт түсі еңсені басып тұратын көпқабатты үйлердің қабырғаларында көше суретшілерінің кесек туындылары бірінен соң бірі пайда болуда. Қарағандылықтар қала төрінде Аманжол Рақымжанның Қасымының да суреті жарқырап тұрғандығын қалайды. Дегенмен, бұл ұсынысты биліктегілер ескерер жайы жоқ.

«Қала басшылығы келіссе, қуана салып берер едім» деп білекті сыбанып отырған суретші де жоқ емес. Алматы қаласында Абайдың бейнесін зәулім үйдің қабырғасына салған Ерсін Темірғалиев Қасымның да 110 жылдық мерейтойының логотипін жасаған.

— «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының жетекшісі Мөлдір Бекжан ханым «Facebook» желісінде мурал салатын суретшілерге іздеу салғандықтан, өзіне біраз эскиздерімді ұсынған едім. Соның ішінен Абайдың 175 жылдығына арналған жұмысымды тандады. Тапсырыс беруші тарап келіссе, бірден іске кірісетінімізді айтты. Араға бір айға жетер-жетпес уақыт салып, «Эскиз бекітілді, бояу, техника бәрі бізден. Келіп жұмысты бастауыңызға болады» деген хабар алдым. Белгілі себептермен өз қолыммен ақынның суретін сала алмадым. Есесіне, алматылық Неон және Шаман деген суретшілер мен ұсынған суретті үй қабырғасына салды, — дейді суретші.

Ерсін Темірғалиев осы жылдың басында Қасымның мерейтойына арналған логотиптің нобайын салып, республикалық «Қасым» журналының бас редакторына көрсеткен. Серік Сағынтайдың ұсынысымен, бірнеше нұсқасын да салған. Жазушы мен суретші өзара келісіп, бүгінде бір логотипті таңдағандарын айтады.

— Логотиптің нобайын салып жүргенде Серік аға екеуміз «Неге Қасымның муралын салмасқа?» деп ойладық. Сосын Абайдың муралына ұқсатып, серия ретінде Қасымның муралының да нобайын жасадым. Қарағандының төрінде даңқты жерлесіміздің суреті тұрғандығы кімді де болса, қуантпай қоймасы белгілі. Ұлы тұлғаларды, әсіресе, өңіріміздің белді азаматтарын жан-жақты насихаттауымыз керек. Мысалы, ақын-жазушылар өлең-жыр арқылы, біз, суретшілер осындай муралдар мен ескерткіштер арқылы насихат жүргізсек, тамаша емес пе? Егер, басшылық қолдаса, Қасымның муралымен шектеліп қалмасымыз анық, — деп қоса айтты.

Алматыдағы Абай муралын салуға, арнайы конкурс жарияланған. Жеңімпаз ретінде жерлесіміз анықталды. Ал, дауылпаз ақынның мерейтойына арнап, мурал салынып, оған қатысты неге сурет байқауы өтпейді? Бәлкім, миллиондар тәуелсіздіктің 30 жылдығына ғана жұмсалып жатқан болар. Мәселен, жүлде қоры 7 миллион 600 мың теңгені құрайтын республикалық конкурстың жарнамасына көзіміз түсті. Аталмыш байқау тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткелі жатыр-мыс. «Суретшілер мен ақындарға арналған бұл доданың қолдаушысы кім?» дейсіз ғой. Қасымның мерейтойына қаржы таппай отырған – Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы. Қасымның мерейтойына қатысты дәл осындай форматтағы байқауды жергілікті азаматтар, өнер жанашырлары ұсынғанда, мәдениет басқармасы қаржының тапшылығын тілге тиек етіпті.
«Бір жер бар Қазақстан даласында
Құрбыжан, апарайын барасың ба?» — деп мақтанышпен жырлаған туған өлкесінің бүгінгі жай-күйін Қасым кімге көрсетер еді? «Күлемін де, жылаймын» деп қолын бір-ақ сілтер ме еді?..

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»