Қарағандыда алғашқы цифрлық әскери-тактикалық жарыс өтті

Қарағанды қаласында «Геотактика» виртуалды полигонында мектеп оқушылары арасында І Республикалық әскери-тактикалық дайындық жарысы алғаш рет цифрлық шынайылық форматында өтті. Шара Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қарағанды облысының білім басқармасы және «Қарағанды қаласының білім бөлімі» ММ-нің ұйымдастыруымен өткізілді. Жарысқа 60-тан астам білім беру ұйымдарының командалары қатысты, олардың қатарында жалпы білім беретін мектептер, лицейлер және гимназиялардың 10-11 сынып оқушылары болды.

Жарыс барысында командалар әскери топография және атыс дайындығы бойынша жаттығуларды орындап, компаспен жұмыс істеу, жергілікті жерге бағдарлану, атыстың сыртқы баллистикасын түсіну, нысананы жою үшін көздеуіш пен көздеу нүктесін дұрыс таңдау секілді білімдері мен дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар FPV-дрондарды басқару бойынша да шеберліктерін сынап, ұшу трассасында маневр жасау қабілеттерін көрсетті.

Марапаттау рәсіміне ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, сондай-ақ «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушылары қатысты. Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және дипломдарға қоса бағалы сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда:

Бірінші орын иегерлері FPV-дрон және ұшу трассасы жабдықтарының жиынтығын, сондай-ақ симуляторда дронды басқару пультін алды.

Екінші және үшінші орын алған командалар симулятордағы ұшқыштың басқару пультімен марапатталды.

Бұл жарыс оқушылардың әскери-тактикалық дайындық деңгейін арттыруға, патриоттық сезімдерін нығайтуға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар, оқушылар цифрлық технологияларды қолданып, қазіргі заманғы әскери даярлықтың заманауи әдістерімен танысты.

Жарысқа қатысушылар өздерінің әскери білімдерін тереңдетіп, тәжірибелік машықтарын жетілдірді. Қатысушылардың айтуынша, цифрлық шынайылықтағы мұндай форматтағы жарыстар олардың әскери дағдыларын дамытуда үлкен рөл атқарады.

Бұл жарыс – Қарағанды облысында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бағытында маңызды қадам және болашақта дәстүрлі түрде өткізілуі жоспарланып отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»