Қарағанды жартылай марафонына 3000 астам адам қатысты

Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда Спорт күні атап өтіледі. Биыл дата 18 тамызға сәйкес келді, дәл осы күні Қарағандыда дәстүрлі жартылай марафон өтті.

QARAGANDY HALF MARATHON дәстүрлі жартылай марафонына қаламыздан және Қазақстанның, Қырғызстанның, Украинаның, Ресейдің қалаларынан келген 3192 әуесқой, сондай-ақ АҚШ-тан келген ерлі-зайыптылар қатысты.

58 жастағы Айман Алдыбаева жарысқа әріптестерімен келген, ол Senim_109 қызметінде жұмыс істейді.

– Бірінші рет қатысып отырмын. Біз әріптесіміздің әңгімесінен кейін қызығушылық таныттық. Оны қолдаймыз деп шешім қабылдадық. Senim_109 қызметінен үш адам қатыстық, 5 шақырым жүгірдік. Осындай шаралар көбірек болса екен, – дейді Айман Алдыбаева.

Ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше қашықтықты дайындады. Ең ұзыны – 21 км 97,5 м (18 жастан асқан қатысушылар үшін), 10 км (ол да 18 жастан асқан адамдар үшін), 5 км (15 жастан асқан), 2 км (9 жастан 14 жасқа дейін) және «Экиден» командалық эстафетасы – 21 км 97,5 м (16 жас және одан жоғары).

Семей қаласынан келген 62 жасар Наталья Бенедиктова скандинавиялық жүруде бірінші орынды иеленді.

– Мен 2 жыл бойы скандинавиялық жүрумен айналысамын. Маған өте ұнайды, денсаулыққа пайдалы. Қарағанды жартылай марафонына алғаш рет қатыстым. Барлығы ұнады, – деп бөлісті Наталья Бенедиктова.

Сонымен қатар 500-ден астам бала (9-14 жас), оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да жартылай марафонда өз күштерін сынады.

Мүгедектігі бар балалар арасында бірінші болып мәреге ағасы Серік Ағыбаймен бірге Әмір Өмірбек келді.

– Біз дайындалдық, енді міне соның нәтижесін көріп отырмыз. Әмір жылдамдықты жақсы көреді және қорықпайды, біз онымен үнемі жүгіреміз. Мұндай марафондар қоғамға қажет: адамдарда спортпен шұғылдануға ынта пайда болады, – дейді жеңімпаздың ағасы Серік Ағыбай.

Сондай-ақ қатысушылар арасында бірнеше рет қатысып келе жатқандар да болды. Соның бірі он екі жастағы Радион Ковалев. Ол өткен жылы Қарағанды жартылай марафонында екінші орын алған.

– Өзім жүзумен айналысамын, жартылай марафонға жаттықтырушыммен келдім. Ата-анам мені қолдайды. Былтыр да қатысып балалар арасында екінші орынды иелеген едім, биыл да сол қашықтықты, бес шақырым жүгірдім, – дейді ол.

Жарысқа отбасылармен келгендер де болды. Он жастағы Рамина да жарысқа биыл екінші рет қатысуда, ол өзімен бірге алтыдағы сіңлісін ерте келіпті.

– Әкеміз спортпен айналысады, біз де дзюдомен айналысамыз. Біз марафонға қатысуға келдік, екі шақырымға жүгіреміз. Мен өзім екінші рет қатысып отырмын, ал сіңлім Садрия бірінші рет қатысуда. Өткен жылы бұл қиын болған жоқ, сондықтан мен осы жылы да қатысуды шештім, біздің әкеміз де жүгіреді, ол марафонға 5 рет қатысты, біз оны үлгі тұтамыз. Спорт денсаулыққа пайдалы, – дейді Рамина Мұратбек.

Марафон соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен, ал қалған қатысушылар естелік медальдармен марапатталды.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»