ҚАРАҒАНДЫ: «РАМАЗАН КЕРУЕНІ» ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Кімде-кім Рамазан айында кедей-кепшік, жетім-жесірге қол ұшын созып, көмек көрсетсе, Алланың мол сауабына кенелері сөзсіз. Бұл туралы Қасиетті Құрандағы Ниса сүресінің 127-ші аятында «Қайырдан не істесеңдер, Алла оны күдіксіз біледі» делінген. Жылына бір рет келетін, сауаптары еселеніп берілетін мүбәрәк – Рамазан айында ҚМДБ-ның Қарағанды облысының  бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен және «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен  «Рамазан керуені» қайырымдылық акциясын жүзеге асты. Қайырымдылық шара барысында жалпы облыс бойыншат 760 отбасына, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті 150 отбасына және  қалалық мешіттерінің ат салысуымен 210 отбасына «Рамазан қоржыны» теңдей үлестірілді. Сонымен қатар 1,5 тонна ұн мен 8 кг қант жеткізілді.                                                           

«Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі – қайырымдылық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» – деген.

— «Қайырымдылық жасау біздің рухани дүниемізді жақсартып қана қоймай, сонымен бірге, қоғамды да жақсы жағына қарай өзгертеді. Сондықтан, мұсылман баласы қасиетті айда барынша қайырымдылық жасап, жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созуы үлкен сауап» – дей келе облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы осы игі шараны жүзеге асыруға ат салысқан барша жомарт жандар мен жамағатқа алғысын білдірді.

Берекелі айдың құрметіне орай облыс бойынша ұйымдастырылып жатқан игі шараларды алдағы уақытта жалғасын таппақ.

ihsan.kz