Қарағанды облысының колледждері Қытайдың тәжірибесін меңгеруде

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Теміртау, Қарағанды және Шахтинск қалаларының колледж басшылары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибелермен танысу мақсатында Қытайға сапар жасады.

Делегация Шанхай қаласында өткен «Қытайдағы кәсіптік-техникалық білім беру» атты білім беру тағылымдамасына қатысты. Бағдарлама барысында олар Шанхайдың жетекші білім беру мекемелеріне барып, олардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, делегация мүшелері баспа ісі және полиграфия, қала құрылысы, ғылым және технология, электроника және информатика техникалық колледждерінде, сондай-ақ Наньху кәсіптік-техникалық колледжінде болды.

Қатысушылар оқытудағы заманауи әдістермен танысып, зертханалар мен оқу ғимараттарын аралады. Сонымен қатар, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамыту үшін жабдықталған өндірістік базалар мен шеберханаларды көрді. Сондай-ақ, делегация Қытайда өтетін WorldSkills 2026 әлем чемпионатына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан алаңдарға барды.

Іссапар аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Кездесулер нәтижесінде Қарағанды облысының 12 колледжі мен Қытайдың білім беру мекемелері арасында 17 келісімге қол қойылды

– Бұл серіктестік біздің колледж үшін үлкен маңызға ие. Әсіресе, баспа өндірісі мен полиграфия саласындағы заманауи білім беру стандарттары мен технологияларын енгізу тұрғысынан маңызды қадам болды, – деп атап өтті Қарағанды тамақтану және сервис колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Диляра Апсалямова.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Шанхай білім беру комитетінің және Қазақстанның Шанхайдағы бас консулдығы өкілдерімен кездесті. Екі тарап та серіктестікті нығайтуға және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қызығушылық танытты.

– Мұндай халықаралық ынтымақтастық еліміздегі кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге және білікті мамандар даярлауға зор мүмкіндік береді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Алдағы уақытта Қарағанды облысында кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған жаңа бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»