Қарағанды облысында ЖРВИ сырқаты азайды

Қарағанды облысында жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ), тұмаумен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай «қанағаттанарлық». Бақылау деңгейінен асып кету жайттары тіркелген жоқ.

Эпидемиялық маусым басталғаннан, яғни 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 30 наурызға дейін 38 790 ЖРВИ жағдайы тіркелді, 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы — 52 %. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі 15%-ға төмендегені байқалады. Тұмаудың зертханалық расталған 36 жағдайы тіркелді.

Облыс аумағында А/H3N2 және B тұмауы вирустарының айналымы анықталған. Сонымен қатар циркуляцияда тұмау вирусымен қатар басқа да тұмау емес вирустар анықталды, олар: парагрипп, РС-вирус, метапневмовирус, риновирус, боковирус, аденовирус. Басқа тұмау емес вирустардан риновирустар, РС-вирус және парагрипп айналымы басым.

Тұмау — ауа тамшыларымен берілетін жедел респираторлық жұқпалы ауру. Жыл сайын тұмаумен сырқаттану жағдайлары күзгі- қысқы кезеңде тіркеледі. Негізгі белгілері: дене температурасының күрт көтерілуі, бас ауруы, бұлшық еттер мен буындардың ауыруы, тамақтың ауыруы/жануы, жөтел және тыныс алудың қиындауы, әлсіздік.

Тұмаудың негізгі қауіптілігі — асқыну кезінде өмірлік маңызды көптеген мүшеге (өкпе, жүрек, бүйрек, есту мүшелері және т. б.) әсер етуі мүмкін. ЖРВИ, тұмаудың алдын алудың негізгі шараларына спецификалық және спецификалық емес профилактика жатады.

Спецификалық алдын алу шараларына тұмауға қарсы вакцинация жатады. Вирус жұқтырған жағдайда алынған вакцина аурудың ауыр ағымынан және асқынулардан қорғайды.

Ағымдағы эпидемиялық маусымда облыс бойынша барлығы 203 254 адам егілді, олардың үлес салмағы облыс халқының жалпы санының 14,3 %-ын құрады. Оның ішінде тегін негізде қауіпті топтардан 200 000 адам, ақылы негізде және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 3 254 адам егілді.

Спецификалық емес алдын алу шаралары иммунитетті арттыруға, денені жалпы нығайтуға бағытталған. Халық арасында тұмаудың және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралуының алдын алу мақсатында Қарағанды облысының Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті келесілерді ұсынады:

  • аурудың күшеюі кезеңінде адамдар көп жиналатын орындарда болу уақытын шектеу;
  • мүмкін болса, аурудың белгілері бар адамдармен, мысалы, түшкіріп немесе жөтеліп жүрген адаммен байланысты шектеу;
  • тұрғынжайды жиі желдету, үйді үнемі дымқылдап тазалап отыру;
  • дәрігердің ұсынысымен иммунитетті арттыратын препараттар қолдану;
  • салауатты өмір салтын ұстану, ұйқы, теңдестірілген тамақтану және тұрақты жаттығулар жасау.
  • Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде өз бетімен емделуге болмайды, міндетті түрде дәрігерге, білікті медициналық көмекке жүгінген абзал.

 Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті